Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 767 постов40 подписчиков
Всяко-разно
1
10:33, 23 августа 2012

Мұратым - болашақтың журналистикасын меңгеру

Мектеп қабырғасында жүрген кезімде,  болашақ мамандық  туралы мүлдем ойламайтынмын. Ең бастысы сабақты  жақсы оқып, ата-ананың үмітін ақтау болды. Мамандық таңдау  туралы тек 11-ші сыныпта ғана  ойлана бастадым.  Бала кезімнен  шығармашылық  бағытқа  жақын болғандықтан, электрондық  журналистика мамандығын таңдауға бел будым.

Blog post image

Қазіргі таңда  «электрондық журналист»  деген сөзді біреу естіген болса, енді біреу мүлдем естімеген  болар.  Көпшілік жұрт   бұл мамандықты көбінесе компьютермен  немесе теледидармен байланыстырады.

Қазақстанда өкінішке орай, әзірге электрондық журналистер мыналар деп көрсететін мамандар аз.  Тіпті, электрондық журналист мамандығын меңгеріп, елдің назарына ілігіп, осы мамандыққа қызығушылықты оятып жатқан мамандар жоқтың қасы. Бұл оларды жоғары деңгейдегі сапалы біліммен дайындайтын оқу орнының  Қазақстанда кешеңдеу ашылғандығынан да болар. Нақты айтқанда 2009-шы  жылы  Алматы қаласында алғаш рет Елбасымыздың пәрменімен  Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, ал 2010-шы  жылы бұл оқу орнында «электрондық журналистика»  деген жаңа факультет ашылды. Бұл мамандыққа түсу үшін ҰБТ-дағы бесінші таңдау пәні маңызды емес. Қазақ (орыс)  тілі, қазақстан тарихы пәндерінің бағалары қаралады.

Blog post image

Таңдаған мамандығым бойынша даярлайтын оқу орны жөнінде осындай деректерге қаныққан соң 2011-шы жылдың шілде айының басында шығармашылық емтиханды тапсыру мақсатымен, құжаттарымды реттестіріп, Алматыға барып, емтиханға дайындала бастадым. Емтихан 2 бөлімнен тұрды. Біріншісі  шығарма жазу,  екіншісі өз-өзіңді таныстыру. Таңдау пәнім қазақ әдебиеті болғандықтан  шығарма жазу қиынға соқпады.

Екінші бөлімде әділқазы мүшелері әр түрлі сұрақтар қойып,  журналист  ретінде қалай жауап беріп, шешімдер қабылдар едің деп   қандай да бір  жағдайды мысалға келтіріп, тіпті қазақша, орысша былай тұрсын ағылшын тілінде де сұрап сынға алды. Одан да өттім.  Сол кезде бұл жоғары оқу орнында  қазақ бөлімі ашылуы-ашылмауы неғайбыл болып тұрды. Себебі  жаңа қазақ тобын құруға шәкірт саны   жететіні күмәнді  еді.

Шығармашылық емтихандарды тапсырып болғаннан кейін, келесі күні қорытынды бағалары шықты. Бұл мамандыққа мемлекеттік грант бөлінбесе де, университеттік жеңілдіктер бар. Жоғары ұпай жинағандарға 100 пайыздық,  50 пайыздық та  жеңілдіктер беріледі. Бір ай бойы осы жеңілдіктердің кімге берілетінін тағатсыздан күтіп, ақыры мен емтиханнан 50 пайыздық жеңілдікті ұтып алдым. Сол кезде қалай қуанғанымды айтсаңшы!

Бағымызға қарай электронды журналистика факультетінің  жаңа қазақ бөліміне де шәкірттер жиналды. Тобымзда небәрі 7-ақ  студентпіз: 5 қыз және 2 ұл.

Blog post image

Оқу орнында  еліміздің танымал журналистері, оның ішіне Артур Платонов, Шолпан Елеусізова, Майраш Тайкенова, Бауыржан Жақып,  Шынар Қалиаждарова және т.б дәрістер  береді.  Белгілі шетел шетелдік журналистердің шеберлік сағаттары да өткізіледі, соның ішінде польшалық журналист-ғалым  Роман Беккер, Халықаралық Евразиялық телевидения мен радио академиясының вице-президенті, танымал журналист Кипрас Мажейка жер шарының 70-тен аса елдерді аралаған кездегі әсерлерімен  бөлісті. Сондай-ақ Қазақ радиосының дикторлары Сауық Жақанова, Темірхан Момбеков және Еділ Анықбай, КТК телеарнасынан  Дастан Шымырбай секілді өз ісінің білгірлері шеберлік сабақтарында теориялық  ілімдерді тәжірибемен ұштастыра дәрістер өткізді. 1 - курстан бастап-ақ тәжірибе сабақтары  көбеюі маған өте ұнады. Практика кезінде кураторымыз Шынар Қалиаждарованың  жетекшілігімен «Айқын» газетінің  редакциясында болып газет  шығару технологиясымен жете таныстық, аға-буын әріптестерімізбен кездестік.  «Қазақ радиосы»,  «31 канал»  телеарнасы журналистерінен де көп деректерге қанығып, сабақ алдық.

Электрондық журналист жан-жақты болады. Яғни оның ішінде режиссер, продюсер, бейне-инженер, тілші, фотограф, оператор деген мамандарды атауға болады.

Электрондық журналистика – болашақтың журналистикасы.  Ол арқылы ғаламтордың көмегімен сан алуан ақпараттарды жедел әрі сапалы түрде халыққа жеткізетін журналистердің алдыңғы қатарында болсам деп армандаймын. Осы арманыма жету жолында білім алып ізденіс үстіндемін және осы мақала арқылы дәстүрлі журналистика қызметін пайдаланушылар көп екенін ескере отырып, кейінгі жастарға пайдалы ақпараттарыммен бөліскім келеді.

 
1
2174
0