Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
6
08:40, 15 августа 2012

Алмас пен Катя

Кім не десе, о десін, бірақ өз басым Алмастың бұл қылығын ерлікке бағалар едім. Біз кейде тым еңкішпіз. Аузынан сөзі, үстінен бөзі түсіп, аузын буған өгіздей орысша шүлдүрлегеннің алдында төмендеп қалатынымыз бар. Өзіміздің әлемдегі ең ұлы тілде сөйлеп тұрғанымызды да ұмытып кетеміз. Бірақ, Алмас ондай емес.

Алмас Қытайдан келген бауырларымыздың бірі. Қарадүрсіндеу естілсе де, оралман. Менің группаласым. Оларды кейде қалың қытайдың арасынан өмір сүруге әбден бейімді мінездеріне қарап, «өлермен» деп те жібереміз. Бірақ, олардың бізден айырмашылығы ана тілімізді таза біледі. Орысшасы біздің қытайшамыз сияқты, яғни өте нашар. Тіпті, 5 шкалалық өлшеммен нөл деген баға қоюға болады.  Алмас та бір түйір орысша білмейтін сол көп оралманның бірі.

Алмас домбыраның құлағында ойнайтын. Қазақ әуендерінің мақамына салып бейпіл сөздермен араластырып неше түрлі ән де салатын. Сары өлеңнің сардары сол еді. Ешбір сұрағыңызға дені дұрыс жауап та ала алмайсыз. Мәселен, «Қайда бара жатсың?» десең «Алға қарай» дейтін шімірікпестен. Қисық, қыңыр, бірақ адал болатын. Бірақ, жанын алғалы тұрсаң да түзу сөйлемейтін.

Сол Алмас кейде ішкі толғаныстарын маған ептеп айтатын. «Қытайлар орыс қыздарға ғашық болады» дейтін. Тіпті, Қазақстанға келіп аяғы оқтаудай орыс қыздарын көріп таңданып айтқан түрі екенін де ұғатынмын. Мына пақырың да адам секілді жанынан шығарып сырын айта алады екен ғой дейтінмін сонда. Бірақ, Алмас орыс қыздары туралы айтқанда оны орындалмас арман дегендей күңіреніп айтты. Неге? Себебі, бір ауыз орысша білмейді. Ал, қазақтығыңызға қарап қалған, домбыра ырғағына, қазақтың әуезді әуеніне елти қоятын бір орыс қыз табылады ма?! Әрине, жоқ. Тек Катя болмаса...

Алмас үшінші курсқа өткенде Катя екінші курс оқитын (аударма бөлімінде). Алмас мүлдем орысша білмейтін болса, Катя қазақшасы нашар Қостанайдың қызы. Бірақ, екеуінің көңілі жарасып кетеді деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Катяға Алмас түгілі менің де жүрегім дауаламайтын. Бірақ, Алмас көздеген Катясын құрығына түсірді. Өлең жазып, сөз де айтқан жоқ. Бәрібір оны түсінетін Катя жоқ. Тек домбырасын алып, көзінің қиығымен ғана сезім сәулесін түсіріп жүрді. Қазақтың күйлерін тартып, қоңыр даусымен ән айтатын. Катя осының бәрін бағаласа керек. Екеуі қосылды ақыры. Мұны естіп, жігіттердің барлығы Алмастың арқасынан қағады. Алмас болса, ұялып, Катяның құрбылары келсе жатақханадан бойын аулақ ұстайды. Өйткені, оның ойын тек Катя түсінетін еді. «Ғашықтың тілі тілсіз тіл» деген осы шығар. Екеуі де басында елден ұялып жүрді. Алмас Катяны, Катя Алмасты елге теңім деп жариялауға жүректері дауаламады. Бәріне, уақытша сезім ғой қысқа қайыратын.

Жұрт қызбен төрт ай жүргенін мақтанып айтып жүргенде, Алмас Катямен екі жыл қол ұстасып, махаббат көгінде қалқыды. Бірақ, Алмас оқуын бітіргеннен кейін Катямен қатынасын ептеп үзе бастады. Өйткені, жүрек қалағанмен, Қытайдағы ата-анасының қарсылық танытатынын сезді. Өкініштісі, соның бәрін түсіндіріп Катяға жеткізе алмады. Ал, Катя болса Алмастың айта алмағандарын үнсіз ғана ұғып жүретін. Осылайша, екеуі үнсіз жүріп, үнсіз тарқасты. Есесіне, интернационал махаббатттың ерекше үлгісін көрсетті.

Алмас екі жыл Катямен жүріп, орысшасын әлдеқайда ілгерілетіп алды. Тіпті, Шәуілдірден келген өзінің аттасы Алмасқа (черный Алмас) қарағанда орыс тілінде тәуір сөйлеп қоятын.

6