Yvision.kzYvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
8
03:02, 08 ноября 2012

Олимпиада туралы кино тізімі

Құрметті оқырман, биылғы Олимпиада бәрімізге ұмытылмас жеңістерін сыйлап, баршамызды жаңа жетістік пен белестерге жетуге ықпал жасауда. Спортшыларымыздың өнерін тамашалай отырып, «Екпін» журналы Олимпиада атты мерекеге арнап түсірілген кино тізімін ұсынады.

Blog post image

«Олимпия»
Режиссері: Лени Рифеншталь
Жанры: деректі, спорт
Шыққан жылы: 1938 ж.

Актриса, продюсер, сценарист, режиссер, оператор Лени Рифенштальдің туындысы. Олимпиадалық ойындар — тек спортсмендер мен жаттықтырушылардың емес, бүкіл ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Бұл фильм сол мезеттің бар маңыздылығын, ерекшелігін жеткізе білген. Антикалық кезеңнен 1936 жылға дейінгі Олимпиадалардың тарихын баяндайтын туынды Венециялық кинофестивальде Муссолини кубогына ие болған. Ал Лени Рифенштальге 1936 жылы өткен берлиндік Олимпиадалық ойындардың алтын медалі табысталады. Бұл кинокартинаның новаторлық операторлық жұмысын да атап өту керек. Өйткені ондағы түрлі жаңа ракурстар мен спецэффектілер өзінен кейінгі жұмыстар үшін әрдайым жүгініп отыратын үлгіге айналды.

Blog post image

«Олимпиада-80. Победить любой ценой»
Авторы: Сергей Медведев
Жанры: деректі
Шыққан жылы: 2010

Ресейлік Бірінші арнаның деректі фильмі. Фильмде 80-ші жылғы Олимпиаданың қалай өткендігі, үлкен шараға байланысты Мәскеудің қалай өзгергендігі жайында айтылады. 19 тамызда алғаш рет коммунистік мемлекетте XXII Олимпиадалық ойындардың алауы жағылады. Бұл дүбірлі мерекеге астана 5 жылдай дайындалған. Сол аралықта Олимпиада төңірегінде қаншама шым-шытырық оқиғалар өтті. Олимпиаданың Мәскеуде өткізілмеу қаупі де болмай қойған жоқ.

Blog post image

«Астерикс Олимпиада ойындарында»/«Astérix aux jeux olympiques»
Режиссері: Фредерик Форестье, Тома Лангманн
Жанры: комедия, фэнтези, отбасылық
Шыққан жылы: 2008

Олимпиада ойындары тақырыбындағы комедиялық фильм. 2008 жылы шыққан Фредерик Форестье мен Тома Лангманның туындысында көптеген атақты жұлдыздар көрінді. Олардың қатарында: Михаэль Шумахер, Жан Тодт, Зинедин Зидан, Жерар Депардье мен Ален Делон де бар. Жеңіл әрі көңілді фильм Олимпиада ойындарын ежелгі заманмен байланыстырады. Өз қаһармандары мен зұлымдары бар әдемі ертегіні отбасымен бірге отырып көруге болады.

Blog post image

«Мюнхен»
Режиссері: Стивен Спилберг
Жанры: саяси драма
Шыққан жылы: 2005

Атақты американдық режиссер Стивен Спилбергтің фильмі. Саяси драма 1972 жылғы Мюнхендегі жазғы олимпиадалық ойындарда орын алған терактты негізге ала отырып түсірілген. Израильдің 11 спортшы делегациясын палестиналық «Қара қыркүйек» тобы қамауға алып, Израиль түрмелерінде жатқан аса қауіпті қылмыскерлерді босатуын талап етеді. Басты рөлдерде: Эрик Бана, Дэниел Крэйг, Киаран Хиндс, Матье Кассовиц.

Blog post image

«Animalympics»/«Жануарлар олимпиадасы»
Режиссері: Стивен Лисбергер
Жанры: мультфильм, отбасылық, спорт
Шыққан жылы: 1980

Бұл жануарлар олимпиадасы жайында қызықты, әрі көңілді мультипликациалық фильм. Мультфильмде шат күлкі сыйлайтын эпизодтармен қатар, танымдық эпизодтар да көптеп кездеседі. Сонымен қатар, құлаққа жағымды музыкасының өзі көрерменге ләззат сыйлайды. Жануарлар олимпиадасынан бүкіл әлемге телерепортаж беру форматында жасалған мультфильмнен режиссердің әр елдің адамдарының жүріс-тұрысын, іс-әрекетін жануарлар арқылы шынайы жеткізе білгендігін көреміз.

Blog post image

«Cool Runnings»/«Шұғыл бұрылыс»
Режиссері: Джон Тёртелтауб
Жанры: комедия, отбасылық, спорт
Шыққан жылы: 1993

Бұл 1988 жылы Канаданың Калгари қаласында өткен қысқы Олимпиадада жеңіске жеткен Ямайканың бобслей командасының оқиғасы негізінде, яғни шынайы өмірден алынған оқиға желісімен түсірілген фильм.

Фильмнің желісі бойынша Олимпиадаға өте қатты қатысқысы келетін ямайкалық төрт жігіт өздері айналысатын спорт түрінен жеңіліске ұшырағаннан соң, не болсада олимпиадаға қатысамыз деген мақсаттарынан таймайды. Сөйтіп олар бобслеист болмақшы болады. Бірақ олар тұратын Ямайкаға спорттың бұл түрі тән емес, әрі жылы ауа райына байланысты бобслей мұнда тіпті жабайы көрінеді. Олардың аңсаған армандарына жету жолында осындай үлкен кедергі тұрып, енді бәрі бітті ме дегенде көмекке Ирвинг Блитцер келеді...

Blog post image

«Visions of eight»/«Сегіздің көзімен»
Режиссері: Милош Форман, Клод Лелуш, Юрий Озеров, Май Зеттерлиг, Кон Итикава, Джон Шлезингер, Артур Пенн, Майкл Флегар
Жанры: деректі, спорт
Шыққан жылы: 1973

Бұл фильм 1972 жылдың 26 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында Мюнхенде өткен ХХ жазғы Олимпиада ойындары жайында. Сол кездегі олимпиадалық ойындар барысында түсірілген видеолар арқылы 1973 жылы «Сегіздің көзімен» атты деректі фильм дүниеге келді. Фильм 1972 жылдың 5 қыркүйегінде Олимпиадалық ойындар тарихында орын алған ең үлкен трагедияның баяндалуымен құнды болып саналады. Олимпиада аяқталуына 5 күн қалғанда палестиналық «Қара қыркүйек» деп аталатын террористік ұйымы Израиль делегациясының адамдарын тұтқынға алып, 11 тұтқынды өлтірген болатын. Әлемді дір еткізген бұл оқиғамен қатар, осы олимпиада кезінде орын алған өзге де оқиғаларды бұл фильмнен көруге болады.

Blog post image

«Олимпиада и Лондон: брак по любви»
Авторы: Дмитрий Сошин
Жанры: деректі
Шыққан жылы: 2012

Өз тарихында үшінші рет жазғы Олимпиада ойындарын өткізгелі отырған британдықтар және олардың биылғы ХХХ Олимпиада ойындарына дайындықтары жайында «Бірінші арнаның» жеке корреспонденты Дмитрий Сошин өзінің «Олимпиада және Лондон: махаббаттан құрылған неке» деп аталатын деректі фильмінде толық баяндап береді.

Бұл фильмде суретші, әртіс, музыкант, атақты аспазшы және, әрине, қарапайым тұрғындар отанына деген сүйіспеншілігін білдіріп отырған әңгімесін тыңдап, нағыз Британияны тамашалай аласыздар!

© Екпін

_________________________________________________________________________

Киносүйер қауым, бұл тізімді бірге толықтырайық.

8
1345
6