Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
05:57, 10 июля 2012

ГЕНЕРАЛ САБЫР РАҚЫМОВТЫҢ ҚАЗАҚ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕГЕН КІМ?

Ерлік жасаған адамға лайықты құрмет көрсетіңдер.
Сонда өздерің де ерлік жасағанмен пара-пар боласыңдар.
Мұхаммед пайғамбар.
«Егемен Қазақстан» газеті,
1-бет, 28 желтоқсан 2005ж.

Құрметті оқырман, бұл мақаланы жазуымның себебі үшеу. Біреуі – осыдан біршама уақыт бұрын, нақтылап айтайын: өткен 2010 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 16 қыркүйек күні шыққан санының 3 бетінде генерал Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеді деп мүлде басқа адамның есімінің жазылуы. Екінші себеп – өткен аптада газеттер мен теледидар бағдарламаларында көрші Өзбекстанда С.Рақымовтың ескерткіші алып тасталынуына байланысты өршіген әңгіме. Теледидар экранынан пікір білдіргендер Ұлы Отан соғысының батыры генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екені баяғыдан өзінен-өзі белгілі болғандай сөйлеп жатты. Үшінші себептің қандай екенін осы мақаланың соңынан оқисыз.

генерал Сабир Рахимов

Генерал Сабыр Рақымов


Бүгінгі Қазақстанның бүкіл халқы Сабыр Рақымовтың қазақ екенін біледі, бірақ батырдың ұлты қазақ екенін, кім және қалай дәлелдегенін көпшілік білмейді. Сонымен генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін кім және қалай дәлелдеді? Әңгіме осы туралы.
Жадыңызға мықтап сақтап алыңыз құрметті оқырман, Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеген ұлтжанды азаматтың есімі –¬ Әсілхан Оспанұлы. Өзінің зерттеу жұмыстарын ғалым Әсілхан Оспанұлы 1971 жылдың жазында Қазығұрт бауырындағы Жаңабазар жеріндегі «Коммунизм» совхозының тау жақ түкпіріне орналасқан Жамбыл атындағы бөлімшесінде тұратын генералдың шөбере туыстарының үлкені 92 жастағы Байдар ақсақалдың үйіне барып сұхбаттасудан бастайды. Осы кездесудің нәтижесінде Байдар ақсақал, Шерхан Рысқұлов, Қанат Құрымбаев, Әбу Тілеухановтар өздерінің генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымовтың туысы екенін және батырдың ұлты қазақ екенін растап әрқайсысы ғалымға бөлек қолхат жазып береді. Бұл қолхаттарда жазылған сөздердің шын екенін сол кезде Шымкент облысы Ленин (қазір Қазығұрт ауданы – Б.О.) ауданының Жаңабазар ауылдық кеңесінің мөрі басылып расталады.

Ғалым Әсілхан Оспанұлы

Ғалым Әсілхан Оспанұлы


Осыдан соң ғалым Ә.Оспанұлы Ташкент қаласының орталығында орналасқан Әлішер Науайы атындағы опера және балет театрының түбінде Шымкент орамы деп аталатын көшенің 9-үйіндегі 37-пәтерде тұратын батырдың жұбайы Құралай апаймен кездесіп әңгімелеседі. Осындай ізденістерінің нәтижесінде, осыдан отыз тоғыз жыл бұрын, яғни өткен ғасырдың 1972 жылының 9 мамыр күні Шымкенттік ғалым, филология ғылым ғылымдарының кандидаты, Шымкент педагогикалық институты қазақ әдбиеті кафедрасының доценті Әсілхан Оспанұлының «Қазығұрт қыраны» атты зерттеу мақаласы Шымкент облыстық (ол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы солай аталған –¬ Б.О.), қалалық партия комитеттері мен еңбекшілер депутаттары облыстық советінің органы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2-4 беттерінде жарық көрді. Осы жерде осындай мақаланы жариялаған газеттің сол кездегі редакторы (газеттің 4-бетінде «бас редактор» деп емес, жәй ғана «редактор» деп жазылыпты –¬ Б.О.) Әмірсейіт Әлиев ағамыздың атын атауды жөн санап отырмын.
Ғалымның осы мақаласы бір айға жетер-жетпесте 1972 жылдың 6 июнь күні Қазақстан ЛКСМ (Ленинский Коммунистический Союз Молодежи – Б.О.) Орталық комитетінің органы болып табылатын «Лениншіл Жас» (Қазіргі «Жас Алаш» газеті, сол кездегі редакторы С.Бердіқұлов – О.Б.) газетінің 3-бетінде мәтіні еш өзгеріссіз «Қазығұрт қыраны (Генерал Сабыр Рақымов туралы жаңа дерек)» деген тақырыппен жарық көрді.
Бұл жаңалық бүкіл республика көлемінде елеулі оқиға болып үлкен қоғамдық пікір туғызды. Сондықтан бұл құбылысқа билік басындағылар да немқұрайлы қарай алмады. Әрі бұл жарияланым туралы Өзбекстан басшылығына да хабар жеткен. Дегенмен билік басындағылар мақалада жазылғандай Сабыр Рақымовты: «Екі енені бірдей емген тел қозы десе де болады, ол өзі қазаққа перзент болса, өзбекке жиен. Өйткені, оның шешесі, біздің жеңгеміз Бәһірәйім Ташкент маңындағы Жүнісабад деген жерде тұратын өзбек диқанының қызы еді. Революциядан кейінгі аласапыран кезде күйеуі қайтыс болғасын туған ағасы Рақымның көлейтінде болуды ұнатты. Сол нағашысы Рақымды саялап жүрген Сабыр да мектепке берген кезде соның балалары қатарында Рақымов болып жазылып кеткенін кейін білдік» деп қабылдамай, ғалымның тарихи шындықты дәлелдеп жазғанын «халықтар достығына сызат түсірді» деп түсініп Шымкенттегі қазіргі Облыстық әкімият орналасқан ғимараттағы Облыстық партия комитетіне келіп түсініктеме беруін талап етеді.
Іс бұнымен шектелмейді, әуре-сарсаңның не бір түрі басталады. Әрі бұл келеңсіздік көп жылдарға созылды. Дегенмен батырдың өмір жолын зерттеуді тоқтатпаған ғалым Әсілхан Оспанұлы шындықтан бас тартпай, үш елдің Қазақстан, Өзбекстанның және Ресейдің ресми мекемелеріне өзінің дәлелдерін келтіре отырып көптеген хаттар жазады. Төменде сол хаттардың біреуін толық келтірдім:
Заведующему отделом пропаганды и агитаций ЦК Компартии Казахстана тов. Плотникову А.П.
от доцента чимкентского педагогического института, кандидата филологических наук ОСПАНУЛЫ А.

Здравствуйте, Андрей Павлович.

В свое время в Чимкентском областном комитете КП Казахстан сперва у заведующего отделом пропаганды и агитации тов. Котунова Ю.Е., после у секретаря обкома тов. Тлеубергенова И.Т. мне сообщили, что моя деятельность направленная к уточнению казахского происхождения отдельных выдающихся личностей вообще, генерал-майора, уроженца совхоза «Коммунизм» Ленинского района Чимкентской области Сабира Омаровича Рахимова в частности, будет иметь отрицательное влияние в укреплении братских уз дружбы между казахским и узбекским народами. Как видите, положение в которое поставлен я не из ахти хороших, наряду с этим предупреждением мне стало известно, что последовало ваше указание не печатать, впредь материалов, касающихся генерала Сабира Рахимова. Согласно этому вашему указанию наши товарищи из редакции газеты «Оңтүстік Қазақстан» стали сторониться от публикации даже тех материалов, в которых повествуется подвиги солдат Великой Отечественной, которым приходилось совместно служить с генералом-майором Сабиром Рахимовым.
Разрешите спросить, в то время, когда у наших узбекских коллег не единожды замечается стремление к присвоению тех или иных исторических личностей (возьмите к примеру аналогичное положение с героем гражданской войны, первым туркестанцем трижды кавалером ордена боевого знамени, выходца из Кзыл-Кумского района Чимкентской области Абдуллой Ермухамедовым, который долгое время объявлялся учеными из Узбекистана узбеком по национальности, несмотря на то, что он – казах, что остается делать нам, казахстанским ученым, так не выступать согласно исторической истине?
Хотелось бы получить копию письма с адресом места жительства моего главного оппонента Леонида (Аскара) Юсупова, который, как мне сообщили, имеется у вас.

P.S. Можете рассматривать мое письмо по своему разумению как частное письмо или как официальный документ.
30 августа 1976 года.
г.Чимкент.

Құрметті оқырман, халқын сүйген азамат, ғалым Әсілхан Оспанұлы өзіңіз оқып отырғандай бұл хатында өзбек ғалымдарының қазақтың басқа да тарихи тұлғалаларының ұлты өзбек деп жазып жүргенін, мысалы: Шымкент облысы Қызылқұм ауданында дүниеге келіп, азамат соғысы жылдары бірінші болып үш рет Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған Абдұлла Ермұхамедовтың өзбек деп жазылып жүргені қалай, деп Қазақстанның билік басында отырғандардың бірі Плотниковке сұрақ қойған.
Хатта жазылғандай ғалым Плотниковке «Сіздің нұсқауыңыз бойынша (Құрметті оқырман, ол кездегі нұсқаудың «бұйрық» екенін түсініп отырған шығарсыз – Б.О.) қазіргі таңда менің С.Рақымов пен бірге майданда бірге болғандар туралы жазған мақалаларым басылмайтын болды деп турасынан айтқан.
Иә, осындай нұсқаулардан соң Ә.Оспанұлының соғыс туралы жазған мақалаларын газеттер баспауға тырысты. Бірақ ғалым Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдегеннен кейін де ғылыми ізденістерін доғарған жоқ.
Шымкентке батырдың жұбайы, перзеттері Роман мен Дариконың анасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Құралай апайды шақырып сол кездегі теледидардан көрсетуге мүмкіншілік жасады. 1973 жылдың 7 көкек күні Оңтүстік Қазақстан радиокомитетінің қызметкері Төлеп Құлымбетовтің дәнекерлігі арқасында кешкі жетіден қырық бес минут өткенде «Қазығұрт қыраны» мақаласы облыстық радиодан берілді.
Ғалым бұнымен шектеліп қалмайды, батырдың анасы өзбек қызы Бәһірайымның туған бауырларымен, емшектес немере қарындасы Лүтпімен жолығып көптеген тың деректер жинайды. Азамат соғысы жылдары Сабыр Рақымовпен Баку әскери оқу орнында бірге оқып, бірге шайқасқан белгілі кинорежиссер, Еңбек Ері Кәміл Ярматовке, батырдың жары Құралай апаймен бірге 1973 жылдың күзінде барып жолығады. Шаңырақ иесі қонақтарын қуана қарсы алып ұзақ сұхбаттасады. Ғалымның сол жылы жазған «Өмірі өнеге өнерпаз» мақаласында жазғандай өзі қойған С.Рақымовтың ұлты кім еді, деген сұраққа К.Ярматов: «Қайсымыздың қай ұлттан екенімізді біле бермейтінбіз. Әйтеуір түркістандықпыз деп жүре беретінбіз» деп жауабын келте қайырған. Өзбекстанның ең мықты кинорежиссері өз ұлтының тәжік екенін де жұртқа жария ете бермеген, себебі сол кездің саяси жағдайы сондай болатын. Сөз реті келген соң айта кету парызым – К.Ярматов өзінің тәжік халқының ұлы екенін 1987 жылы Ташкент қаласындағы Ғафур Ғұлам атындағы әдебиет және өнер баспасынан жарық көрген «Возвращение» атты естелік кітабының 112-бетінде жазды.
Уақыт ешкімді күтпей өте береді ғой. Ғалым Әсілхан Оспанұлының генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымовтың ұлты қазақ екенін нақты деректермен дәлелдеген «Қазығұрт қыраны» атты мақаласын Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 27 жыл толған 1972 жылдың тура 9 май Жеңіс күнінде жариялаған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы, содан 38 жылдан кейін, 2010 жылы 16 қыркүйек күні шыққан санының 3-бетінде генерал Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеді деп мүлде басқа адамның есімін жазып шатасты. Бұл қалай болды деген сұраққа «Оңтүстік Қазақстан» редакция ұжымы бас редакторы Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев бас болып жауабын бере жатар.
Ал енді генералдың ұлтын дәлелдеуге жиендік жасаған азаматтың атын атайын, оның аты-жөні – Әкім Ысқақ. Ол бүгінде бас қала Астанада Мәжіліс Төрағасы Хатшысының меңгерушісінің орынбасары қызметінде істейді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 16 қыркүйегінде шыққан санының 3-бетінде жарық көрген А.Самиғоллаұлының «Астаналықтардың құметіне бөленді» атты Ә.Ысқақ туралы мақаласында: «Сонымен қатар генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеп, оның ерлігі мен өмірі туралы мақалалар сериясын жазып, кітап шығарып, жас ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулығаны үшін республикалық Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы Бауыржан Момышұлы медалін ақын-сазгердің омырауына тақты» деп тайға таңба басылғандай анық жазылған.
Әрине, құрметті оқырман, сіздің көкейіңізде: «Мүмкін Әкім Ысқақ С.Рақымовтың қазақ екенін ғалым Әсілхан Оспанұлыдан бұрын дәлелдеген шығар?» деген сұрақ туындауы әбден түсінікті. Енді соған жауап берейін. Ә.Оспанұлы «Қазығұрт қыраны» атты мақаласын «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 1972 жылы 9 мамыр күні жариялады. Содан соң іле-шала бұл мақала «Лениншіл Жас» газетінің 1972 жылғы 6 июнь күні жарық көрді.
Ал Әкім Ысқақ 2005 жылы «Қазақ энциклопедиясының бас редакциясы» Алматыда басып шығарған «Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясының» 547-бетінде жазылғандай Ордабасы ауданының Бөржар ауылында, 1960 жылы дүниеге келген. Демек Әкім Ысқақ 1972 жылы 12 жастағы бала. Әрине 12 жасар Әкімнің ол кезде батырдың ұлты түгілі оның атын да білмегені айдан анық!
Ә.Ысқақ студент кезінде педагогика институтының физика факультетінде оқып сықақ өлеңдер жазып жүрді. Сол кездері, дарынды қазақ жастарына қамқорлық танытып жүрген осы оқу орнының оқытушысы, институттағы «Саттар Ерубаев атындағы әдеби бірлестіктің» жетекшісі, ғалым Әсілхан Оспанұлымен танысып үйінде де көп рет болады, дастарханынан дәм татады. Ғалым-ұстазбен ара қатынасын үзбеген Әкім Ысқақов (Ол кезде Әкімнің тегі Ысқақ емес – Ысқақов – Б.О.) 1991 жылы «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет етіп жүрген кезінде С.Рақымов туралы мақала жазбақ болып ғалым Әсілхан Оспанұлыдан батыр генералға байланысты жинаған деректерін сұрап алады. Өзінің еңбегі атаусыз қалатынын білмеген Ә.Оспанұлы генералдың аты шыға берсін, деп Ә.Ысқаққа қолында бар дерегін береді. Содан «Генерал Сабыр Рақымов» деген атпен 1991 жылдың қыркүйек айында Ә.Ысқақтың бірнеше мақаласы жарық көрді. Осы мақалалардың алғашқы екеуінде Кеңес өкіметіне қарсы ешкім пікір айта алмаған кездегі ғалым Әсілхан Оспанұлының жанкешті еңбегі ауызға алынбайды да, тек үшіншісінде ғана есімі сырғыта еске алынады. Әкім Ысқақ генералдың ұлты қазақ екенін дәлелдеген ғалым Әсілхан Оспанұлы деп айтпайды. Тек үшінші мақаласында ғана ғалым Әсілхан Оспанұлы туралы батырдың туысы Шерхан ақсақалдың: «бұрын Шымкенттен ғалым Әсілхан Оспанұлы келіп еді...» дегенін келтіреді де ары қарай: «Шекеңнің айтуына қарағанда, жетпісінші жылдардың бас кезінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бұл туралы мәселе қозғалғанымен аяқсыз қалыпты» дей келе батырдың ауылында ұзақ жылдар мектеп басқарған зейнеткер Балабек Ормановтың: «Шымкент пединститутының оқытушысы Ә.Оспанұлы облыстық газетте бір-екі мақала, очерк жазды» дегенінен аспайды.
Әрине, бұндай мәліметті оқыған оқырманның көкірегі қаншалықты ашық болса да генерал Сабыр Рақымовтың ұлтын қазақ деп дәлелдеген Әсілхан Оспанұлы екенін біле алмайды. Әкімнің бұнысына ғалымның көңілі әбден қалады. «Әкімге қолыңыздағы деректерді неге бердіңіз?» деген сұраққа, «Әкімнің бұлай ететінін қайдан білейін», деп жауап берген ғалым Ә.Оспанұлы ғылыми жұмыстарымен шұғылдануын жалғастыра берді. Себебі ғалым уақытының барлығын шығармашылық жұмысқа арнаған жан еді.
Дегенмен бұл келеңсіз оқиға ғалымның есінен шықпайды. 2003 жылы «Ақиқат-истина» газеті 2003 жылғы 3-наурыз күні шыққан санында Әсілхан Оспанұлының «Есіл-дағы еңбегім...» атты мақаласын жариялады. Осы мақалада өзінің ғылыми ізденістеріне жиендік еткендер қатарында Әкім Ысқақ туралы ғалым өз пікірін былай білдірді: «Бір жайды бір жай қозғайды дегендей, осы жерде бұдан бұрын өзімді шіміркіндірген және бір жағдайды еске түсірудің ығыты келіп тұр. Бір қанша жыл бұрын болып өткен оқиға еді бұл. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті аяқ астынан өзінің біздің облыстағы тілшісі, өзімнің шәкіртім (құдайдың құдіреті, кейде көресімді осылай өз шәкірттерімнен көріп жүремін) Әкім Ысқақтың Сабыр Рақымов туралы құлаш-құлаш мақалаларын жариялап, оны Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқырмандардың бір бетті еркін алған пікірлерімен қорытындылады. Сол мақалаларының алғашқысында Әкім де Сабыр Рақымов жайын өзіне дейін ешкім қозғамағанын жұртқа жариялап жіберді».
Кім білсін, егер батырдың туысы Шерхан мен мектеп директоры Балабек ақсақалдар ғалымның атын есіне алмағанда Әкім Ысқақ ғалым Әсілхан Оспанұлыны еске алар ма еді? Әй, қайдам!?
Өзін ақын санайтын кімде-кім болса да, «ақын» сөзінің түбірі «ақ, әділеттілік, шындық» екеніне тоқтайды ғой. Әкім Ысқақ өзін ақын санайды. Сондықтан АҚиқатқа жүгінейік. Әкім Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдегені үшін Бауыржан Момышұлы медалін омырауына тағарда, нағыз ұлтжанды қазақ азаматы болса: «Бауырларым құрметтеріңе рақмет. Бірақ Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеген мен емес, шымкенттік ғалым Әсілхан Оспанұлы» деп айтар еді. Әрі жаңсақ пікірлерге жол бергізбес еді. Ең болмаса бір рет газет, яки журнал бетінде генерал Сабыр Рақымовтың ұлтын қазақ деп дәлелдеген Әкім Ысқақ емес, ғалым Әсілхан Оспанұлы» деп жазар еді. Әзірше бұлай еткен Әкім жоқ. Бұған айтарым: Мемлекеттік қызметте жүрген азаматтың біреудің еңбегін пайдаланып жүруі мемлекеттік қызметкерге жараспайды!
Ендігі жерде мемлекеттік қызметтегі Әкім Ысқаққа ақын Әкім Ысқақтың (Омархан Ысқақбаев. «Өмір-дерек, Әкім Ысқақтың шығармашылығы жайында», «Оңтүстік Қазақстан» газеті, 2010 жыл, 16 қыркүйек, 3-бет.) өзі жазғандай: «Егер абыройлы болғың келсе – дер кезінде қателігіңде мойында!» дегеннен басқа айтар сөзім жоқ!
Құрметті оқырман көкейіңізде: «Батырдың жұбайы бұл жағдай туралы хабардар ма еді, білсе не деді?» деген тағы бір үлкен сұрақ тұрғанын білемін. Бұл сұраққа жауап берместен бұрын қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы ең атақты батыры Бауыржан Момышұлының Алматыда кездескенде ғалым інісінің азаматтық еңбегін ерлікке бағалалап: «Жарайсың, Әсілхан! Мен айта алмағанды айттың!» дегенін айтпақпын.
Сабыр Рақымовтың жұбайы Әкім Ысқақтың мақалалары шыққан кезде генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдегені үшін, және батыр туралы жасаған басқа да зерттеушілік жұмыстарын құрметтеп, ғалым Әсілхан Оспанұлының үйіне келіп, иығына шапан жапқан күні дастархан басында отырып: «Сабыр Рақымовты қазақ деп дәлелдеген Әсекең, Әкім Ысқақтың бұған еш қатысы жоқ!» деп кесіп айтқанының куәсімін. Бұл аз десеңіз, теледидардан республика және облыс көлемінде бірнше рет көрсетілген 2005 жылы Әнуәрбек Мұхмади әулеті демеушілігі арқасында Жеңістің 60-жылдығына арналып «ЖШС ПРОДАКШН «Гәуһар студиясы» түсірген 120-минуттық «Қазығұрт қыраны» деректі фильмінде Құралай апай ғалымның есімін екі рет атайды. Фильмнің 40-шы минутында «бірінші Әсілхан Оспанұлы жазды, дей келе сол фильмнің 80-минутында: «Әсілхан Оспанұлы деген доцент Шымкентте тұрады. Сол: «мені атса атып жіберсін, басқалар күймесе мен күйемін, деп әлгі кісі жазды» дегенін бүкіл Қазақстан халқы көрді.
Ғалым Әсілхан Оспанұлының өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың басында генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін ғылыми түрде дәлелдеуі үлкен ерлік болатын. Ғалым-азамат Әсілхан Оспанұлының бұл ісіне баға беруге Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Ерлік жасаған адамға лайықты құрмет көрсетіңдер. Сонда өздерің де ерлік жасағанмен пара-пар болсыңдар» деген өсиеті өте дөп келеді.
Ендігі әңгіме ғалым Әсілхан Оспанұлының еңбектеріне жиендік жасаған басқа «азаматтар» туралы. 1999 жылы «Нұрлы Әлем» баспасынан Аманкелді Құралов атты кісінің Сабыр Рақымов туралы жаңа ат іздеп жатпастан кітабын «Қазығұрт қыраны» деп атаған, ақиқатын айтқанда Ә.Оспанұлының басып шығармақ болып отырған кітабының атын ұрлаған.
«Есіл-дағы еңбегім...» атты («Ақиқат-истина» газеті, 20 наурыз, 2003 жыл) мақаласында Әсілхан Оспанұлы өзінің үйіне талай рет келіп С.Рақымовқа ескерткіш тұрғызу жайын талқыласқан Аманкелді Құралов туралы да жазған. А.Құралов ғалымның үйінің төрінде Оразкүл жеңгесінің жайған дастарханынан дәм тата отырып Ә.Оспанұлының баспаға дайындап отырған «Қазығұрт қыраны» аталатын кітабын парақтап қараған. Содан біраз уақыт өткен кезде Әсілхан Оспанұлы бір жұмыстармен облыс облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбайға барғанда оның алдында жатқан өзінің кітабымен аттас басылымды көріп таң қалады. Болған жайды Ә.Оспанұлы былайша баяндайды: «Менің дайындап қойған «Қазығұрт қыраны» кітабымның атын жоғары сапалы қағазға басылған кітап мұқабасынан көрейін. Бақсам, ол өзім жақсы білетін, бұл күнде марқұм боп кеткен Аманкелді Құраловтың мақалалары мен өлеңдерінің жинағы екен». Ары қарай не болды дейсіз ғой? Ә.Оспанұлы Аманкелді Құраловтың баласы Нұрланмен хабарласып әлгі кітапты сұрайды: «Ол: «болады ата, әкейдің кітабын ертең үйіңізге апарып берейін, қиналмаңыз, есік алдында күтіп алсаңыз, үйіңізді білемін ғой» десін. Алайда, арада қаншама уақыттар өтті, Нұрлан баламды әлі күнге дейін күтудемін» деп назаланған ғалым мақаласын былай деп жалғастырады: «Аманкелді інім мен Нұрлан баламның әрекеттері «Қазығұрт қыраны» кітабымның тақырыбына жиендік жасау десем олай деуге, әрине толық негізім ба». (А.Құралов Ә.Оспанұлының кітабының атын ғана емес затын да ұрлаған. Бірақ бұл бөлек, жеке әңгіме – Б.О.).
Ұлы Жеңістің 60-жылдығына арналып түсірілген, авторы әрі режиссері Ғазизхан Әділханның фильмі де аты айтып тұрғандай ғалымның 1972 жылы жарық көрген мақаласының атымен «Қазығұрт қыраны» деп аталған. Фильмде бірнеше рет Аманкелді Құраловтың кітабы көрсетіледі. Сондықтан фильмнің неге «Қазығұрт қыраны» атанғаны түсінікті.
Жоғарыда ғалым батырдың қарындасы Лүтпімен кездескені туралы оқырманды хабардар еткенмін. Ә.Оспанұлының 1973 жылы генералдың жұбайы Құралай екеуі Ташкент облысы Орджоникидзе атындағы аудандық «Коммунист» колхозының жерінде тұратын Сабыр Рақымовтың немере қарындасы Лүтпі Оспанқұлқызының үйінде 1973-жылы 21-тамыз күні болып, Лүтпі апайдың аузынан жазып алып, Шымкентке келген соң жариялаған «Ақырғы аттаныс» мақаласынан бір үзінді келтірейін: «Сабыр ағамен тек немере туыс қана емеспін, деп көңілдене күлді осы тұста Лүтпі апай, - Біздер емшектеспіз де. Өйткені, Бәһарайым шешеміз Сабыр ағамызды туғанда емшегіне жара түсіп, баласын емізе алмапты. Содан оны шешем Үрі емізіпті. Содан ба, қайдам, әлде барлық бауырларына ақ пейілі ақтарылып тұратын адам ба еді, әйтеуір Сабыр ағамның маған деген мейірімі өте өзгеше, көл-көсіртін». Енді С.Рақымов туралы жазылған басқа бір кітаптың бетінде басылған Лүтпі апамыздың әңгімесін Әсілхан Оспанұлының мақаласындағы үзіндімен салыстырып көрейік: «Лүтпі Оспанқұлқызы өзінің бір әңгімесінде былай дейді: Сабыр ағамен тек немере туыс қана емес, біздер емшектеспіз де. Өйткені, Бәһырайым шешеміз Сабыр ағамызды туғанда емшегіне жара түсіп, баласын емізе алмапты. Содан оны менің шешем Үрі емізіпті. Содан ба, қайдам, әлде барлық бауырларына ақ пейілі ақтарылып тұратын адам болғандықтан ба, әйтеуір Сабыр ағамның маған деген мейірімі өте өзгеше, көл-көсір еді». Бұл үзіндіні 2007 жылы «Нұрлы Әлем» баспасынан шыққан – «Генерал Сабыр Рақымов» атты кітаптың бетінен оқи аласыз. Кітапты жазған генерал Сабыр Рақымовтың немере інісі Елік Дүйсебеков, «кітаптағы суреттер топтамасында «С.Рақымов немере інісі Елік Дүйсебеков» деп жазылған.
Бұған не дерсің?! Кім біледі, мүмкін Лүтпі апаның бұл сөздерін Елік Дүйсебеков Ә.Оспанұлының еңбегіне жиендік еткен басқа біреуден көшіріп алған болар? Егер олай болмаса онысын айта жатар. Және кімнен, қай жариялымның қаншасыншы бетінен алғанын нақты көрсетер.
Басылымды ары қарай қазбаламай, кітаптың «Баға жетпес қазына» деп аталатын алғы сөзіне тоқталмақпын. Елік Дүйсебековтің бұл кітабына Ұлы Отан соғысының батыры Тоғанбай Қауымбаевтың жазған алғы сөзін оқу, әсіресе қызық болды. Кітапты жазған Е.Дүйсебековке жылы сөздерін арнай отырып Т.Қауымбаев генерал С.Рақымов туралы жазған П.Батов, А.Рахмат, Б.Көбеев, А.Құралов, Н.Төлендіұлы, т.б. туралы жазыпотырып өзі туралы сонау 1945 жылы «Оңтүстік Қазақстан» бетінде тұңғыш болып мақала жазған, кейінде «Жаулыбай ауылының жігіті» деген көлемді мақала жазып жариялаған, С.Рақымов жөнінде жазып жүргенде үйіне шақырып дастархан жайып қонақ етіп, батыр генерал жөніндегі естелігін тыңдап, қайтарында ұлына таксимен апарып тастауға тапсырма беріп, қасына қасына қосып жіберген ғалым Әсілхан Оспанұлы туралы бір сөз айтпағаны таң қалдырады.
2007 жылы кітапқа алғы сөз жазған кезде 84 жасқа келген батырды қартайып қалды дейін десең басқалар туралы жазғандары моншақты жіпке тізгендей нақты. Есте сақтау қабілеті осындай күшті бола тұрып Тоғанбай Қауымбаев өзі туралы бірнеше рет мақалалар жазып жариялап, ерлігін насихаттауға біршама еңбек сіңірген қаламгер інісін қалай ұмытып кетті деген ой келеді?! Тағы бір таңқаларлығы, Тоғанбай Қауымбаевтың кітаптың алғы сөзінің өте жатық тілмен жазылғаны. Бұдан көп жыл бұрын ғалым Ә.Оспанұлының өтініші бойынша өзі туралы өмірбаянын жазып берген 84 жастан әлдеқайда жасырақ кезінде «Жызақты-Джизақ, Шыршықты-Чирчик, ферманы-ферме» деп білімділіктің тіпті басқа деңгейін көрсеткен Тоғанбай Қауымбаевтың Е.Дүйсебековтің кітабында алғы сөзді майталман жазушыдай жазып бергені мені өте таңдандырды!
Енді құрметті оқырман, осы кітаптың 117-120 беттерінде орын алған тағы бір қызықты мәлімет туралы жазбақпын. Әңгіме Шымкент қаласындағы қазір Сабыр Рақымовтың атымен аталатын әскери мектеп-интернаттың бастығы Ұлықпан Бәшеннің мектеп-интернатқа батырдың аты қалай берілгені туралы жазған естелігі жайында. Ұ.Бәшен мектеп-интернатқа генерал Сабыр Рақымовтың есімін беру мәселесін бірінші болып көтерген әрі жоғары жаққа ұсыныс жазған Әсілхан Оспанұлы екенін айтпайды. Өзінің сөзін «Батырды бүгінгі ұрпағы мақтан тұтады» деп атаған Ұ.Бәшен мектеп-интерантқа генерал Сабыр Рақымовтың аты берілу тарихын айта келіп тек: «Батырдың өмірін жазушы Ә.Оспановтың (Ә.Оспанұлының емес – Б.О.) зерттеп жүргенін білуші едім. Сол кісімен байланысып, қажетті құжаттарды алдым» деп жазады.
Ғалым, қоғам қайраткері Ә.Оспанұлы Қазақстан Республикасының Білім министрлігіне хат жолдап министрдің орынбасары Ш.Беркімбаевадан жауап та алған. «Құрметті Ә.Оспанұлы! Білім министрлігі Сіздің Шымкент қаласындағы Республикалық мектеп-интернатқа С.О.Рақымовтың атын беру жөніндегі ұсынысыңызды қолдайды» деп жазылған хатта ұсынысты іске асыру үшін мектеп-интернат ұжымының келісімімен жиналыс хаттамасы керек, деп жазылған. Ә.Оспанұлы мектеп басшысына осы хабарды айтқаннан кейін ғана мектеп-интернат ұжымы оқу орнына батырдың атын беру туралы жиналыс хаттамасын жоғарыға жолдаған. Әрине, мектеп басшысы Ұлықпан Бәшеннің бұл мәселені іске асырудағы еңбегі аз емес. Шамасы Ұ.Бәшен мырза естелік жазғанда бұл мәселеге онша мән бере қоймаған болуы керек. Себебі Ұ.Бәшен ғалым, жазушы яки журналист емес. Әрі жұмыс басты болып жүріп ұмытып кетуі де әбден мүмкін. Себебі бірнеше жүз жасөспірім ер балаларды – болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеп, білім берудің қандай қиын екені онсыз да түсінікті. Айта кету керек, Ұ.Бәшеннің жар құлағы жастыққа тимей әрекет етіп, демеуші тауып, мектеп-интернаттың аймағына Сабыр Рақымовтың кеуде мүсінін орнатуы тек нағыз ұлтжанды азаматтың қолынан келетін іс. Осы жерде батырдың кеуде мүсінін жасатып орнатуға демеуші болған, осы мектептің түлегі Абай Маслақатұлы Садықов екенін айту парыз.
Енді бұл мақаланы жазуымның үшінші себебін айтайын: Бүгінгі жазушылар көбейіп кеткен қазіргі заманда, қазақ халқының тарихын шындық шеңберінен аспай, қара қылды қақ жарғандай етіп жазу керек, деген пікірлер көптеп айтылуда. Бұл өте дұрыс пікір. Батыр Сабыр Омарқұлұлы Рақымовтың ерлікке толы өмір жолы да, ғалым, қоғам қайраткері Әсілхан Оспанұлының ғылыми еңбектері де еліміздің тарихынан бөлек болмайды.
Бердалы ОСПАН.

P.S. 1) Бұл мақала жарық көрген соң Елік Дүйсебеков «АЙҒАҚ» газеті арқылы «Ә.Оспанұлының әруағынан кешірім өтінемін» деген хатын жариялады.
P.S. 2) Ұ.Бәшен маған телефон шалып Ә.Оспанұлының Білім министрлігіне жазған хаты бар ма? деп сұрады. Мен: Иә, бар. – деп жауап бердім. Ұ.Бәшен сонда да мектеп-интернатқа генерал С.Рақымовтың атын беру туралы бастаманы Әсілхан Оспанұлы емес өзім көтердім, деген пікірін газетте (Рейтинг, 24 ақпан, 2011 ж.) жариялады.
P.S. 3) «АЙҒАҚ» газетінің 16.03.2011 ж. күнгі санының 4-бетінде «1992 жылы әскери мектепке Рақымовтың есімін және мүсінін орнату бастамасын Әсілхан Оспанұлы көтерген» атты менің мақалам жарық көрді.
Бұл мақалада Қазақстанның Білім министрінің орынбасары Ш.Беркімбаеваның Ә.Оспанұлына жолдаған жауап хатының толық мәтіні мен хаттың суреті толық басылды, және ғалым Әсілхан Оспанұлының 1992 жылы 25 ақпан күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 3-бетінде «Сабыр Рақымов аты берілсе» атты мақаласы жарық көргені әрі ол ұсыныс-мақаласында ғалым Ә.Оспанұлы мектеп-интернатқа С.Рақымовтың аты берілуімен қатар мектеп алдында батыр ағамыздың мүсін-ескерткіші тұрса деген бастама көтергені туралы айтылды.


Бердалы ОСПАН.

 
0
3076
0