Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
17:21, 14 января 2010

Ораза

“Ораза”

“Ораза” сөзінің мағынасы

“Ораза” сөзі парсы тілінен енген кірме сөз. Бұл сөз араб тіліндегі “саум” сөзінің баламасы болып табылады. Саум (ораза) сөзінің тілдік мағынасы “тыйылу” дегенді білдірсе, шариғаттағы мағынасы: “Шынайы ықыласпен таң атқаннан кешке дейін тамақ, ішіп-жем және жыныстық қатынастан тыйылу” дегенді білдіреді.

Оразаның маңызы

Рамазан айы болсын, басқа кезде болсын, жалпы ауыз бекітудің маңызы өте зор. Алайда, көп сөйлеп созбай, әдептен озбай, алдымен Аллаһ елшісінің (с.а.с) сүннетіне жүгінгеніміз дұрыс болар.
• Әбу Һурайра арқылы жеткен хадисте: “Ораза – қалқан, сондықтан (ораза тұтушы) бұзықтық істемесін және надандыққа жол бермесін. Ал егер бір кісі оған соқтықса немесе балағаттаса, екі рет: “Мен оразамын”,-деп айтсын. Жаным қолында болғанмен ант етемін, ораза тұтушының аузының иісі Аллаһ алдында мисктің иісінен де жағымдырақ. Сондай-ақ Аллаһ: “Ол мен үшін жеп ішуден, шаһуат қалауынан тиылды. Ораза мен үшін және Оның сиын өзім беремін, ал қайырлы іске дәл сондай он есе сауап беріледі”,-дейді”,- делінген. (Бұхари, Муслим). Яғни ораза дегеніміз адамды әртүрлі күнәлі істерден, жаманшылықтан қорғап тұратын қалқан сияқты. Қалқаны жоқ адамның соғыс майданында тірі қалуы екіталай болғаны сияқты, ауыз бекітпеген адам да оразаның ұлы сауабынан құр қалмақ! Ал оразаның сауабы қандай? Мұның сауабын Аллаһ Өзі береді әрі оның есебі белгісіз. Шынайы ықыласпен тұтылған ораза үшін Раббымыз шексіз сауаптар жазып, күнәларын кешіріп, әр-Раййан қақпасынан кіргізеді.

• Жәннаттағы “әр-Раййан” қақпасы тек ораза тұтушылар үшін. Сәһл арқылы жеткен хабарда пайғамбар: “Расында, жәннатта “әр-Раййан” деп аталатын қақпа бар, одан Қиямет күні ораза тұтушылар кіреді және одан олардан өзге ешкім де кірмейді. “Ораза тұтқандар қайда?”,-делінеді де, орындарынан тұрып, одан олардан басқа ешкім де кірмейді. Олар кірген соң (әр-Раййан қақпасы) жабылып, ол қақпадан басқа ешкім кірмейді”,-деген. (Бұхари, Муслим). “Әр-Раййан” деген сөз “Ылғал, сусын” деген мағына береді. Бұл қақпаны неліктен осылай атаған дегенге ғұламалар: “Адам баласы тамақтан гөрі суға қатты зәру келеді. Денесінің ылғалдығы азайып, сәл тер шықса, аузы кеуіп, сусап, қурап қала жаздайды. Су аңсаған адам ешнәрсеге қызықпайды да бар арманы бір тамшы су жұту болады. Ал қарны аш адам бір затпен алданса болғаны, қарны ашқанын ұмытып кетеді. Ұлы Раббымыз Өзінің пенделерінің хал-ахуалын толық Білуші. Бұл дүниеде ораза ұстап, ауыз бекіткенде қатты аңсағаны су болуы себепті жәннаттың қақпасын да “Дымқыл, ылғал, сусын”,-деп атаған”,-деп жауап берген. Бұл “әр-Раййан” қақпасы тек ауыз бекітушілерге лайық.
• Әбу Сағид әл-Худри арқылы жеткен хабарда: “Кімде-кім Аллаһ жолында бір күн ораза ұстаса, Аллаһ оның жүзін тозақтан жетпіс жылға алыстатады”, делінген. (Бұхари, Муслим). Демек, оразаға қойылатын шарт – ол Аллаһ жолында болу керек. Ал Аллаһ ризалығынан өзге мақсатпен тұтылған ораза мұндай сауапқа жеткізбейді. Сол үшін ескертіп айтарымыз, денсаулығым, ата-бабамның жолы деп емес, Аллаһ бұйырды, Аллаһ ризалығы үшін деп ниеттеніңіздер.
• Әбу Умәмә арқылы жеткен хадисте: ” Ораза тұт, себебі оған тең келер ешнәрсе жоқ. Сәжде жаса, себебі Аллаһқа жасаған әрбір сәждең үшін Аллаһ бір мәртебе дәрежеңді көтеріп, бір қателігіңді өшіреді”,-делінген. (Насаи, сенімді хадис). Бұл хадис арқылы оразаның маңызы мен сәжденің артықшылығын байқаймыз.
• Абдулла ибн Амр арқылы жеткен хадисте: “Ораза мен Құран Қиямет күні құл үшін шапағатшы болады. Ораза тұрып: “Раббым! Тағам мен шаһуаттынан тыйдым, мені ол үшін шапағатшы ете гөр”,-дейді, Құран болса: “Түнгі ұйқысынан бөлдім, мені ол үшін шапағатшы ете гөр”,-дейді. Сөйтіп екеуі шапағатшы болады”,-делінген. (Ахмад, Табарани, сенімді хадис). Ғұламалар осы хадиске түсіндірме жасап: “Егер осы екеуін шынайы ықыласпен атқарса, Құранды көрсету үшін, ақша алу үшін, сәндену үшін емес, Аллаһ ризалығы үшін, ойлану үшін, түннің қараңғысында ұйқысын бөліп оқитын болса және оразасын шын ниетімен оқыса, Құран мен ораза шапағатшы болып, оның күнәлары кешіріліп, жәннатқа кіреді”,-деген.

Ораза түрлері

Ораза екі түрлі болады: Парыз және нәпіл ораза.
Парыз оразаның өзі үшке бөлінеді: Рамазан оразасы, кәффарат оразалары және уәде (нәзр) оразасы. Ал нәпіл ораза бұдан өзге уақыттағы кез-келген оразалар.

Рамазан оразасы

Бұл Ислам дінінің бес тірегінің бірі. Рамазан айында ораза тұту парыз. Аллаһ тағала Құранда: “Әй, иман келтіргендер! Сендерден алдыңғыларға ораза парыз етілгеніндей сендерге де ораза парыз етілді, мүмкін тақуа боларсыңдар!”,-дейді. (Бақара, 183).
Аятқа назар салсақ, Ұлы раббымыз “Әй, иман келтіргендер!”,-деп, толық мұсылман үмметін меңзеген. Сондай-ақ, Рамазанда ораза тұтуға итермелейтін нәрсе – иман әрі иманның артуына септігі тиетін ең кемел айлардың бірі – Рамазан. Осылайша иман мен Рамазан өзара біте қайнасып жатады.
“Сендерден бұрынғыларға ораза парыз етілгеніндей” деген бөлімнен біз Ислам дініне дейінгі шариғаттарда да оразаның парыз етілгенін біле аламыз.
Аяттың соңында: “Мүмкін тақуа боларсыңдар!”,-делінген. Иә, Рамазан айындағы ораза адамды тақуалыққа жетелейді. Ішіп-жеуден тыйылып, Аллаһтың әміріне бойсұнады. Жаман сөз бен балағаттан тыйылып, аузына бекем болады. Әбу Һурайра арқылы жеткен хадисте: “Ораза – қалқан, сондықтан (ораза тұтушы) бұзықтық істемесін және надандыққа жол бермесін. Ал егер бір кісі оған соқтықса немесе балағаттаса, екі рет: “Мен оразамын”,-деп айтсын. Жаным қолында болғанмен ант етемін, ораза тұтушының аузының иісі Аллаһ алдында мисктің иісінен де жағымдырақ. Сондай-ақ Аллаһ: “Ол мен үшін жеп ішуден, шаһуат қалауынан тиылды. Ораза мен үшін және Оның сиын өзім беремін, ал қайырлы іске дәл сондай он есе сауап беріледі”,-дейді”,- делінген. (Бұхари, Муслим). Бұл хадиске әлі жеке тоқталып өтерміз.
Ал кімде-кімнің Рамазанның басындағы қалпы мен Рамазан соңындағы қалпы өзгермеген болса, онда ол адам оразасын дұрыс тұтты деп айту қиынға соғып қалады. Бұл Құраннан алынған дәлел. Ендігі кезекте сүннетке көз салсақ, Ибн Омардан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.с): “Ораза бес нәрседе құрылған: Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық тәңір жоқ әрі Мұхаммед Оның елшісі деп куәлік беруде, намазды толық орындауда, зекет беруде, қажылықта және Рамазанда ораза тұтуда”,-деген. (Бұхари, Муслим).

0
1210
1