Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
01:33, 29 апреля 2012

«Батыстың ажалы» бізге де қауіпті

Blog post image

Ұрпақ – ғұмыр жалғасы, тіршілік көзі. Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстыратыны анық. Отбасының ынтымағы мен берекесі, шаттығы мен қуанышы қашан да сәбидің сыңғырлаған күлкісінен қуат алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді қазақ. Рас. Бала – бауыр етің, болашағың. Әйтсе де, осы «болашақтан» бас тартқандар қарасы көбейді. Әсіресе, «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» әйел-аналар арасында құрсағындағыдан тезірек құтылуға асыққандар жетерлік.
Кезінде «Батыстың ажалы» атты еңбегінде америкалық Патрик Бьюкенен: «Америка, Еуропа және Жапония мемлекеттері ғылым мен технология, экономика және қару-жарақ дайындау салалары бойынша басқа елдерді әлдеқайда басып озып кетті. Дегенмен, Шығыс әлемі Батыс өркениеті бағалай алмаған құндылықтарды сақтап қала алды. Ол құндылық – отбасын құру, ұрпақ өрбіту, бала тәрбиелеу» деп жазған еді. Сол құндылық біздің де уысымыздан шығып кетпесе болғаны.

Конфуций айтып кеткендей, мемлекет үлкен отбасы, отбасы кішкентай мемлекет. Яғни, мемлекеттің жарқын болашағының көрінісін отбасынан байқауға болары анық. Дегенмен, мені бәрінен бұрын тастандылардың тағдыры алаңдатады. Жанары жәутеңдеп, мөлдір көздерінен үміт жасы тамшылап, отбасының жылуын сезіне алмаған ұрпақ тағдыры не болмақ?! Қаршадайынан қабырғасы қайысқан жеткіншектердің жайын кім ойлайды?! Олар да қаракөз қазақ ұрпағы, олардың да қаны қазақы менталитет, жаны қазақы рухқа толы… дегенмен де, тастанды баладан тасжүрек болмай, патриот болып шығатындар саны кемде кем шығар.. себебі, тәрбие көзі отбасында емес пе..отан тарихы, отбасы тарихы, бабалардың жүріп өткен өнегелі жолы, ұлттық идеология, – осының барлығын баланың бойына сіңіретін отбасы емес  пе?! Мұндай тәрбие түгіл, әкенің қамқор сөзін, ананың жылы алақанын сезінбеген бүлдіршіндердің бақытты балалығы болмағанына не дерсіз?!

Мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар жүргізіліп, қаржы бөлініп жатқаны рас.. алайда, елдің кемел болашағы үшін мықты экономиканы талап етіп жүргенімізге таңым бар… әлемдік саясат сахнасынан мықты болып көрінуге талпынғанымыз оң іс болғанмен, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық идеологиямызды сақтап, қазақы кейпімізбен таныла білгенге не жетсін. Әр елдің экономикасымен жарысамыз деп, мәдениетімізді де тәлк етіп, батыстың «бала сату» бизнесін де игеріп алғанымыз ақиқат. Қашаннан жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай өсірген қазақтың қазіргі ұрпағы сол салиқалды жолдан тайынбады дейін десек, алдымыздан жетімдер үйі қол бұлғап шыға келеді… Бәлкім, нарық заманына сай материалдық құндылықтың бағасы артқаны болар. Жүрегінде иманы берік, рухани байлыққа талпынған адам тастандылардың тағдырына алаңдамай қоймас… Мемлекеттің басты құндылығы – адам болса, адамның құндылығы – жүрегіндегі адамгершілік, аяушылық, имандылық сияқты сезімдер екені рас. Ал сол жан-дүниенің байлығын көрмеген тастанды балаларға әлемнің бар байлығын жинап берсең де, ата-ана, отбасының орнын толтыра алмассың… Бәлкім, табиғаттың қандай ыстық күнінде болмасын жылы қабаққа зәру мөлдіркөздерге жаттың жылы сөзі де дәрумен шығар. Тәнің тоңса, табиғатты паналасаң, жаныңның тоңғаны одан да қиындау екені ақиқат. Мемлекет тастандыларға үй болғанмен, отан болғанмен, отбасы бола алмас… себебі қазіргі таңда жанары жәутеңдеп, алысқа телміріп жақындарын күтіп жүрген тастанды ұрпақ саны ұлғаюда… ұлым деп еңіреген ел болмаса, елім деп еңіреген ұрпақ қайдан болсын?! Мемлекет болашағы үшін тастандыларға көмек бергенімізге қуанғаннан гөрі, ұлт болашағы үшін олардың санын азайтуға талпынғанымыз абзал. Атам қазақ ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле деп бекер айтпаса керек…

Гүлнұр Кәкімжанова

0
499
0