Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
01:28, 29 апреля 2012

Томиристің ұрпақтары төбелес іздеп жүр

Blog post image

Сабақтан қайтып бара жатқан кезім. Кенет бір қуыстан айғай-шудың дауысы естіліп, соған елең еттім. Қасымда екі құрбым бар. Жақындап барып көз тастап едік, қыздар төбелесіп жатыр екен. Бірі екіншісінің шашын жұлуға жармасты. Екіншісі де қалыспай, ұзын тырнақтарын «қару» етуге бекінді. Бұл қатыгез көрініс маған үлкен ой тастады. Нәзік қыздардың бойындағы ұяңдық қай жамандықтың тасасында жасырынып жүр екен деп ойладым. Бұл төбелестерде қатыгездіктің белең алатыны рас. Нәзік болмысты қыз үшін біреуді ұрып - соғуды ерлік көріп, мақтан ету меніңше ұят нәрсе. Қыздың күші білекпен емес, жүрекпен өлшенеді емес пе?!

Қыздың бойындағы нәзіктік оның жан дүниесінің табиғатын ерекше нұрға бөлеп тұрары хақ. Қыз - қарындас, қыз - ана, қыз - болашақ жар. Қыздың жатжұрттық екенін кішкентайынан құлағына құйып, тәрбиесіне сіңірген қазақ үшін қыздың орны әрқашан бөлек. Тіпті, ер адамның ауыр жұмысына да жақындатпай, аялап өсіргені белгілі.

«Қыз халықтың гүлі, өлең сауықтың гүлі» демекші, қыз бала тек сұлулығымен емес, бойына біткен мейірімділік, нәзіктік сияқты қасиеттерімен де көрікті. Нарықтық заманның талабы өзгерсе де, бойындағы ұяңдық нұрын сөндірмей, қазақ қызына тән болмысын бұзбай жүргендер де жетерлік. Алайда, бес саусақтың бірдей болмайтынындай, бұларға қарсы бейненің де бар екені анық. Қазір бірі ішімдікке, бірі темекіге құмартып жүрген қыздарды кездестіру де оңай.  Яғни ұлттың ұрпағын өмірге келтіруші де, тәрбие беруші де – қыздар. Қанына осындай қасиет тамшысы болса, олардың сүтімен сусындаған ұрпақ қандай болмақ?!

Қыздардың арасындағы кикілжіңді шешу үшін қара күш пен төбелеске жүгінудің себебі неде?! Мұндай көріністер тіпті Ұялы телефондардан да, сайттардан да түспей, көш бастап тұр. Ерекше қатыгездік байқалатын көріністердің кейбірі кездейсоқ түсірілсе, кейбір төбелестер «арнайы» түсірілім үшін даярланса керек. Шетелдің «шедеврлерін» қайталап түсіруге ұмтылған болар бәлкім.

Бір қуантатыны, қазір патриоттық сезімге ерекше назар аударылуда. Алайда адамның патриоттығының өлшемі Елтаңба, Әнұран, Ту және мемлекет туралы білімімен ғана өлшенбейтіні анық. Менің түсінігімде патриоттық сезімі бар адам ұлттық болмысына дақ түсірмейді. Ал қыз үшін ол сезім - бойындағы қазақ қызына тән қасиеттерін қастерлеуі деп білемін.

Гүлнұр Қуанышбекқызы

1
967
2