Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
2
01:09, 29 апреля 2012

Қайран ерлер болмаса, ел жұрт жетім. Туады ерлер ел

Blog post image

О, Замандас, соларға бір қараңыз,

Әр кірпіші, әр тасы бір қара аңыз.

Өлгендерді тірілтіп, өмірлі етіп,

Өшкендерді табатын бір ғана біз.

Жұбан Молдағалиев

Біз – тарих пен тағдырдың бұралаңы көп жолдар мен ғасырларға созылған ұзақ уақыттағы қиыншылықтардың барлығын басымыздан өткеріп, көріп келген елміз. Біздің қазақ халқы өте төзімді, шыдамды, қайсар, батыр, ер халық деп ойлаймын, себебі тарих беттерін парақтап көрсек, қатігез толқындар біржолата мәңгі жойып жіберетіндей қиын кезең тұсында сан қиналса да, қазақ халқы қабырғасы қайыспай, аман қалыпты. Біздің халықты бүгінгі атқан ақ таңның сәулесін көруге жеткізген қазақтың ер жүрек, батыл ұлдары деп сенемін, себебі бұл тәттілікке келер жол ұзақ әрі қатты болды. Расымен, қазақ кемеңгер халық қой! Алды қатты болғанның арты тәтті болады деп, әр нәрсеге үлкен төзімділік танытып, шыдамдылық көрсеткен. Осы қазіргі өмірімізде қазақты бүкіл әлем ең жомарт, қонақжайлы халық ретінде таниды. Бүгінгі күн – Жаратқанның берген сыйы ғана емес, себебі ол сан ғасырлар бойы көптеген ержүректердің жанын әкетті, қанын ағызып, терін төккізді.

Нақысбек шешен кезінде:

« Әуелі Құдай жерге береді,

Жердегіні елге береді.

Елдегіні ерге береді,

Ерге бергенде, төккен терге береді » -  деген екен. Яғни, сүйенішің күшті болса, сүйек жұтсаң да қақалмайсың. Ал халықтың негізгі сүйеніш, тіреуіші – елім деп соққан адал жүрек иелері, себебі елдің елдігі ерінен болады, байлығы жерінен болады.

Отаныңды, еліңді, Сенеки айтқандай, ұлы болғаны үшін емес, өзіңдікі болғаны үшін сүйесің. Ал ең зор, ізгі ерліктерді Отанға, ел-жұртына деген сүйіспеншілік туғызған емес пе?!  «Елің үшін отқа түс – күймейсің» – дегендей, туған елінің бостандығы, жерінің азаттығы үшін күрескен әр замандағы ардақты ерлерін туған елі ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Екі жүз жыл бойы қазақ халқына тыным бермеген жоңғар басқыншыларына қарсы елін бастап, ерлікпен соғысқан қайтпас қайсар батырларымыз – Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай бастаған батырлардың, Әз-Тәуке, Абылай сынды хандардың туған елі үшін бастарын бәйгеге тіккен ерліктерін бүгінгі ұрпақтары мақтаныш етеміз, бабалар рухынан қуат аламыз.

«Шабаннан желмес туады,

Сараңнан бермес туады,

Жаманнан өлмес туады» – деген екен бабалар.Бабалар сөзі – ақылдың көзі ғой. Қазақ сияқты кемеңгер халықтан осының бірі де тууы мүмкін емес.

«Өз елі, өз ерлері ескермесе,

Ел тегі, алсын қайдан кемеңгерді?» – дегендей, туған елі барда, ержүрек ұлдары мен қыздары халық жанында мәңгі сақталады. Ал ержүрек ұлдары мен қыздары тұрғанда, туған елдің де, туған жердің де тұғыры мәңгі асқақтай бермек.

Қазақтың өмір-өзеніндегі бірде тасыған толқындар, бірде жайсаң тыныштық орнағандығын қазіргі ұрпақ өте жақсы біледі. Сан ғасырдың сырын сақтап қалған тарих беттері де қазақтың өмірі жайлы көптеген ақиқат пен аңызға толы екені анық. Сол ақиқат пен аңызды сақтаған тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқының басына түскен қиыншылықтың барлығын да жеңуі – жүрек жұтқан батыр, ер – азаматтардың арқасы екен. Көнеде қалып қойса да, әлі де есіңе түссе, жаныңа тікендей бататын жоңғар агрессиасы, қоқан езгісі мен Ресей отаршылдығы – барлығы да қазақтың басындағы күлімдеген күнді кенет торлаған қара бұлттай болды емес пе?!  Сол кездері найзасын қолға алып, жырымен де, қаруымен де қарсы тұрған батырлар қаншама. 1836-1838 жылдары Ресей отаршылдығына қарсы азаттық көтерілісті басқарған жауынгер ақын Махамбет, барлығын бейбіт жолмен шешуге тырысқан Исатай; 1783-1797 жылдары болған көтеріліс басшысы Сырым Датұлы сияқты елім деп еңіреген қанша азаматтың жаны мен қаны кетті. Барлығы не үшін дейсіз ғой?! Әрине, елі үшін, елінің иелігіндегі жері үшін, өздері көрмеген ұрпағы үшін. . . Ал сол жолға оларды жетелеген – тасты жібітіп, мұзды ерітер ұлы сезім – еліне деген махаббат екені сөзсіз.

Елім деп соққан жүректер еш азаймайды, себебі ол жүректер қазақ деген ұлы халықтың жылы алақанында қамқорлықта емес пе?! Ерте заманнан бүгінге дейінгі, яғни қазақтың іңгәлап дүниеге келгенінен қазіргі өмірге аяқ басуына дейінгі аралықтағы ел тірегі де сол қайран ерлер ғой. Тіпті кейініректе болған жалындаған жастардың көтерілісі мұзға от жағып, елі үшін болған дүниенің ұлы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Көтеріліс, соғыс дегендерді алып қарасақ, олардың өшпес ізі, кетпес жарасы әрбір кезеңде бар екен – ау! Заман желі қалай соқса, шөп басы да солай қарай иіледі емес пе, сол сияқты әр замандағы шайқас жүргізудің де түрленетінін кім білген?!

Бертін келе Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың есімдерін тізе берсең, елім деген ерлердің өте көп екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетеді. Ол тек алаш қозғалысына қатысқандардың тізімін ғана көрсетпейді. Ол әр заманда, тарихтың әр кезеңінде де қазақ халқы батыр, ер жүрек азаматтармен бай болғанын көрсетеді.

Бүгінгі күні бейбіт өмірде, күлімдеген көк аспанның астында өмір сүріп жатырмыз… жеріміз байтақ, еліміздің жүрегі даласындай кең… сонысымен-ақ мемлекетіміз басқа жұрттың нысанына айналса керек. Қазір бізді пушкасымен емес, Пушкинімен басып алу оңайырақ екеніне де көздері әлдеқашан жеткендей. Себебі қазақтың қанында қайтпас қайсарлық, батырлықтың бар екенін жоғарыдағы мысалдардан тағы бір мәрте көруімізге болады. Ал мәдениетімен, ділімен, дінімен жаулап алу – ол да әр кезеңдегі күрестің бір амалы болып көрінеді. Жақсысын алып, жаманын көре білуге ұмтылғанымыз абзал, өз тіліміз, дініміз, менталитетімізді, рухымызды әлсіретпесек – ол ең үлкен күреске төтеп бере алғанымыз. Оны түсініп, күреске шақыратын ерлер де жастар болмақ. Жастарды өз мәдениетінің шырмауына алуға кірісудің өзі мемлекеттің ең мықты қаруы жастарда екенін мойындау деп түсінемін. Бүгінгінің батырлары – елін сүйген патриоттар болмақ.

Елім деп еңіреген ерлердің көптеп болуы үшін, меніңше, тәрбиенің таза бұлағымен ұрпақты нәрлендіргеніміз абзал. Отан отбасынан басталады демекші, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берудің астары тереңде екені анық. Ұрпағыңды түзегің келсе, қызыңды тәрбиеле, руыңды түзегің келсе, ұлыңды тәрбиеле деген сөзде қаншама терең мағына, өткір ой жатыр десеңізші. Қанымызда қайсарлық, жанымызда өткір рух болғандықтан, артымызға бұрылғанда көз тастар батырларымыз жетерлік. Ал бүгінгі күнге көз салсақ…. ондай күрестер жоқ дей алмаймыз. Жоғарыда атап кеткендей, дінін, ділін, тілін, өнерін арзанқол дүниелерін «ұсынып», санамызды жауламақ болған мемлекеттер саны жетіп артылады. Соңғы кезде елімізде секталардың арбауына түсіп, отбасынан айырылып, өмірмен ерте қоштасып жатқан жандар саны күрт өскені соның бір дәлеліндей.  Сол самсаған секталардың кесірінен  сансыраған саналар табылып, қаны бір, жаны бір, тамырлас қазаққа қазақты қарсы қойып отыр емес пе?! Дегенмен де, тәуелсіз байрағын көкке көтерген еліміздің бет алысы шүкір етерлік. Есігіміз шартарапқа айқара ашылып, қазақ жастары шетел мемлекеттерінен білім алуына мүмкіндік туды. Экономикалық алыс – беріс, сауда – саттық дами бастады. Алайда, оның қайшылық жақтары  кең белең алуда. Өзге елдің тілі мен мәдениетін игерген жастарымыз әуелгіде жан – жақты, білімді, сәнді де мәнді жаңа заманның жас қазағы атанды. Кейіннен сол жастарымыздың санасын шетел мәдени болмысына әуесқойлығы басып кетті. Қазағымның табиғатынан еліктегіш қасиеті қазіргі жастарды айналып өтпей, кесірін тигізіп отыр. Әрине бәрін қазақтан көре беру дұрыс емес, дегенмен еліктеу болмысымызда өте жақсы дамыған. Мысалға қазіргі қазақ жастарымызды қызықтыра жалықтыратын, арманы мен аңсарын олардың жүріс – тұрысы, іс – әрекеті, киім кию үлгісінен байқауға болады. Шетелдің қызықтыра жаққан алау оттарының бірі біздің жастарымызды да шарпып өтті. Құлақты бірнеше жерден, тіл, иек асты, мұрын, кіндік, қабақты тестіріп /пирсинг/, жылтыр да сан түрлі темір-терсекті іліп тағу етек алды. Бұл Үнді қыздарына еліктегені десең де, қазақ қыздары мен ұлдарына тән іс пе?! Бұл да кезегімен қазақтың сән үлгісіне енді. Ал одан бетер теріге инемен тесіп сурет салғызу /татуировка/ тағы бар. Суреттердің сан алуан мәнсіз түрлерін көрінетін, көрінбейтін дене мүшелеріне салдырту – Алланың аманатына озбырлық. Адамның тәні Алладан аманатқа адамға берілген. Сол Жаратқанның аманатын өзгертіп, тесіп, сурет салу – ол нағыз қиянаттың өзі!

Айта берсең, елдің игілігіне кері әсерін тигізетін мұндай әрекеттер сан алуан. Қаны таза халықтың ақыл-парасатына қызыққан елдердің байлығына құнығатын, «елі үшін» еңбек етемін деп, өзінің қалтасын бағатын азаматтар да жоқ емес.Мен бұл әрекеттердің барлығын тілсіз жау, қарусыз күрес деп білемін. Елімізді осындай арзан «мәдениеті» арқылы жауламақ болған елдерге төтеп беру үшін де ержүрек ерлер керек екені сөзсіз. Бүгінгі мылтықсыз майдан алаңының жауынгерлері ретінде мен жастарды атар едім. Ал жақсы адам қашан да елдің ырысы емес пе?! Іргесі берік елді жау алмасы да айдан анық.

Халық әр адамның жанұясы іспетті, тек халық тұрғанда ғана ешкім жетімсіремейді, ал елім деп еңіреген ерлер халқын жетімсіретпесі анық. Туған елі тұрғанда, ержүрек ұл-қыздар халық жанында мәңгі сақталады. Ал ержүрек ұл – қыздар тұрғанда, туған елдің де, туған жердің де тұғыры мәңгі асқақтай бермек.

Гүлнұр Қуанышбекқызы

2
26982
3