Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:22, 14 апреля 2012

QAZAQ-NAMA Казахская история в стихах. Курсабаев М.К (doc.nlrk.kz) с.225-228

ҚАЗАҚ-НАМА

(этнотарихи толғау)


Біле  білсең – тарихы терең халықпыз,
Көпке ұнамай, кейде ескерусіз қалыппыз.
Шындықты  айтқан шежіреші даналар,
Құрбан болды-ау,  біздер үшін жазықсыз.

 

Кең далада жарысқан самал  желмен
Өрнектеген киімін алтынменен
Еуразия төсінде сайран құрып,
Арийлер тайпалары мекендеген

 

«Авеста» атты заң болған арийлерде
Таралған әдет болып жерден-жерге
Жылқы ерттеп, киіз үйді пана қылып,
Бағынған Зәрдөш  - абыз-кемеңгерге.

 

Жердің бетін көкпеңбек мұз басқанда,
Күн сәулесін қалың тұман жапқанда,
Көшті арийлер - батыс пенен шығысқа
Ұрпақтарын қатерлерден сақтауға

 

Арийлерден – бақ тайған бір жылдарда,
Кезек келді сақтар менен ғұндарға.
Ерлікпенен, жауынгерлік рухпенен,
Қаћар шашып, соққы  берген жауларға.

 

Сыртқы жаулар қызықты алтын-байлыққа
Қатер әкеп, тыныш жатқан халыққа.
Қорғау үшін елін-жерін, Отанын
Сақ пен ғұндар шықты жойқын жорыққа.

 

Ата жаулар – қытай, парсы, гректер,
Қан майданға болды қанша,  себепкер.
Кир патшаның ордасына аттанды
Тамириске ерген атты мол әскер.

 

Ғұн көсемі – Әділ патша атанды
Бас көтерген жаулар жерді жастанды
Қытай менен Еуропаның көп жері
Сақ-ғұндардың есімімен аталды

 

Ата рухы – көк Тәңірмен үндесті
Жаратушы көк аспан мен күн десті
Теңдесі жоқ қуатымен санасқан
Жарты әлем ғұн елімен кеңесті

 

Дәстүрлері  - ұрпағына болған сабақ
Есімдері әлемге кеткен тарап
Мөде, Адакер,Тарғытай,Анақарыс,
Тоқсары, Оғыз қаған, Апрасиап.

 

Көшпенділер Рұм елінен асады ,
Талай тарих құпиясын ашады.
Волга өзенін – Еділ патша суы деп,
Одессаны – Қажы би деп атады.

 

Әмірі – жарлық болған жарты әлемге,
Тәуба етіп тағызым еткен әр күніне,
Ата салтын – жалғастыру болашақта-
Мұрагерлік бұйырады -  түркілерге,

 

Түркі-Тұран – киелі есім Түркістан
Көк Тәңірі, көкжал бөрі, көк қыран
Кең дала мен мың бір түнгі көк аспан
Ғылым-білім, садақ-қалқан, алдаспан

 

Түркі жұрты қағанатқа бірікті,
Әзербайжан,қырғыз, өзбек, түрік-ті,
Татар, ноғай, башқұрт, алтай ,қазақпен,
Қас жауларын көре алмаған үркітті.

 

Білмейді көп нәрсені халық бүгін
Кім көтерер Тұранның ауыр жүгін
Түркі әрпін – әлемде тұңғыш жазған,
Тасқа қашап Алтайда – Йоллық тегін

 

Түркілерден өтті ғой талай заман
Батыс пенен шығыс халқы алаңдаған
Қаћарлы көсемдері – аңыз болған
Бумын, Тумын, Істемі, Білге қаған

 

Сырға толы – Тоныкөк  жазбалары
Жалғаған ғасырлар мен ғасырларды
Таным менен білімнің қазынасы
Көненің баға жетпес бастаулары

 

Қыдыр ата – Түркі елінің жанашыры
Қадам басқан жерлерінің  бағы ашылды
Тілек тілеп   келеді, ел аралап
Ақбозымен – қақ жарып қара қылды

 

Қобызымен – Қорқыт ата күңіренді
Демеген киесімен сүрінгенді
Бір атадан бөлінген қандастарға
Жүрегі қарс айырылып күйінеді

 

Шаңырақтың киесі - Ұмай ана
Тағзым етіп бата алған, әрбір бала
Әйел заты перзентінің асылы боп
Басын иіп күңіренген - Ұлы дала

 

Жібек жолы – Түркі елімен сақталады
Жоюға оны талай жау сұқтанған-ды.
Көшпенділер қылышынан құты қашып,
Қытай – ұлы қорған сап, сақтанған-ды.

 

Византия – тізе бүкті түркілерге
Астанасы өртеніп, кірді жерге,
Риза халық – Оспан - Салжұқ,  Бейбарысқа
Жауға шапқан жалаңаш Мехметтерге

Бермей келді түркілер – дала тағын
Кешірсе де басынан талай қырғын
Біліммен жарты әлемді таң қалдырған
Әл -Фараби, Ибн Сина, Баласағұн

 

Алауыздық жақсылыққа апармады,
Хан тағы үшін – бала әкесін балталады
Түркі Ордасы шаңырағы  мың шайқалып,
Ұлы қаған – хандықтарға шашырады.

 

Халифаты ұлы Арабтың сезді мұны
Тұтқиылдан соғыс ашты күндіз-түні
Бауырларды жат қылған өкініштің
Ғасырлардан естіледі зарлы үні

 

Ұсақ хандық бір-бірінен алыстады
Қарлұқ, Түркеш, Қидан болып ту ұстады
Қарахан, Қимақ, Қыпшақ, Үйсін, Найман
Жер үшін бір-біріне ойран салған

 

Киелі Ислам – Тәңірдің орнын басты.
Дініменен қазақ жерін араб асты
Ғылым менен  білімге негізделген,
Танымдық , мұсылмандық дінге ұласты.

 

Ұлы Дала – бірлікті аңсап сан жылады.
Көшпенділер басын қосар хан тумады
Бірігу - мақсат болған бір кезеңде,
Қалың қол,  Шыңғысханға бағынады

 

Темучин - Ұлы Дала арманы еді
Қаћарлы қыранның да самғар кезі
Көшпенділер мәдениетін сақтап қалар
Ұлы ханды  - табиғат та таңдап еді

 

Арманы Шыңғысханның адастырды
Ұрпағы баба сертін шатастырды
Алтын Орда шаңырағын – тағы шайқап
Жошы, Үгедей, Шағатай шаңырақ құрды

 

Көшпенділер талай елде билік құрды
Дүбірінен атты әскердің құлақ тұнды
Алауыз боп тараған орыстардың
Княздарын – бір ұлысқа біріктірді

 

Тоқтамады  хандық күрес қайшалысқан
Сарсаңға түсті әуре боп, қол қайысқан
Жарты әлемді бөлісе алмай қырғын салды
Едіге, Баязид, Темір, Тоқтамыс хан

 

Алтын Орда –  қаһарын төккен  еді
Тізесін оған, талай ел бүккен еді
Қандас хандар ерегесі арасынан
Еуропа ренессансы гүлденеді

Дала тәжі кетті тағы, қайта ыдырап
Шаңырақтың іргетасы қалды босап
Көне әлеммен тілдескен көшпенділер
Мәдениеті – қалды алыста көз бұлдырап

 

Айырылды,  бірлігінен қайран Тұран
Татулыққа шақырып ақтық ұран
Алауыздық діттеген қан далада
Бөлек хандық құрды ұлттар елең-алаң

 

Бөлінді – түрік, қазақ, өзбек, ноғай
Дәстүріне Тұранның қарайламай
Өтсе де содан бері талай ғасыр
Бірікпеді-ау бастары заман талай

 

Алтын дәуір - әкелді талай данышпанды
Анақарыс, Омар Хайям, Кетбұғаны
Қашқари, Йүгінеки, Йассауиды
Қайқауыс, Қыдыр, Хайдар – шарықтады

 

Құтты білік, Чор Китаб, Қабус-нама
Ой мен қиял жемісі шыққан дара
Хикмат пен Диуани лұғат, әз Жамиғат
Тауарих, Тадбери манзел, Оғыз-нама

 

Асанқайғы шығарды қазақ атын
Хандарға тұңғыш құрған берген ақыл
Іргетасын қалап қара шаңырақтың
Тебіреніп, берген жұртқа ақ батасын

 

Ұлы Қазақ хандығы алға басты
Қалың ел Ұлытаудан қоныс тапты
Еділ менен Алтайдың арасында
Қазақтың мемлекеті қалыптасты

 

Ұлы хандар – Керей, Қасым, әз Жәнібек
Тәуке, Қасым, Хақназар болған тірек
Тәуекел, Салқам Жәңгір, хан Абылай
Бірлікпенен ынтымаққа болған себеп

 

Шалкиіз, Марқасқа мен Ақтамберді
Төле би, Қазыбек пен Әйтекені
Доспамбет, Баян, Бұхар, Жиембетті
Данасы ғып қазақтың – құдай берді

 

Ескі жол мен Қасқа жол, Жеті жарғы
Ата заңның бүгінгі жолын салды
Қазтуған мен Ықыластың күй күмбірі
Құдырет боп шашырап бүршік жарды

 

Бақталастық қайта жайлап қазақ елін
Үш жүзге бөлді тастап дархан жерін
Әлсіз тұсты байқаған әккі жоңғар
Тұтқиылдан соғыс ашты,  тауып ебін

Тышқан жылы сойқаннан ту жығылды
Есіл боздақ мың туып, мың қырылды
Ыза менен қанды кектің ызғарынан
Ордабасы төбесіне қол жиылды

 

Қол бастады – батыр Баян, Қабанбайлар
Райымбек, Наурызбай мен Бөгенбайлар
Жоңғардан атажұртты тазартуға
Ағылды ығай-сығай қалың қолдар

 

Қара қытай - ойратты қолпаштады
Қалмақтар – орыспенен жақтасады
Боз даланың батысы мен шығысынан
Айдаһар мен арыстан зәр шашады

 

Қарғыс атқан жоңғар жер жастанады
Бастары қара жерге тапталады
Ақ патшаның бұғауына түскен қазақ
Ұлт-азаттық соғысқа аттанады

 

Мың қырғыннан аман қалды батыр қазақ
Намыс рухы  - биік тұрды көрсе де азап
От пен судың ортасында қалса дағы
Арманы мен күресі болған – азат

 

Пәк еді, қазағымның ақ ниеті
Тынбады ерлігі де, қасиеті
Жоғалмады  ұрпағы да, ұраны да
Басынан асса дағы қасіреті

 

Жоғалмады – Құрманғазы, Абай барда
Кенесары, Ағыбай, Ыбырай да
Шоқан, Сырым, Жанқожа, Махамбеттер
Есет, Ұзақ, Тобағұл, Исатай да

 

Ахмет, Сәкен, Шәкәрім, Мағжандарым
Қажымұқан, Әлихан мен Сұлтандарым
Жүсіпбегім, Тұрарым, Мұхтарларым
Мәңгілікке жазылған дастандарым

 

Алма, Әлия, Назипа, Мәншүктерім
Еш әйелге дүниеде тең келмедің
Күләш, Роза, Бибігүлдің әндерінен
Жаратқанмен тілдескендей тербелемін

 

Қаныш, Әлкей, Ебіней, Бауыржаным
Дінмұхамед, Өзтүрік, Ермаханым
Мұқағали, Жәнібек, Сағат, Қайрат
Қадірін білмедік қой қолда бардың

 

Орыстың езгі отары жанға батты
Шұрайлы қазақ жері қанға батты
Айуандық пен зұлымдыққа шыдамаған
Қалың қазақ көтеріліп - Қытай асты

Әділетсіздікке ел талай қарсы шықты
Айыптап, отаршылдық теңсіздікті
Ақ патшаны қолдаған бай-болысты
Ақсақалдар сотымен көзін құртты

 

Казачество – бейбіт елді ойрандады
Жауыздық пен зұлымдыққа шек болмады
Жазығы жоқ, бейнеті көп кең халықтың
Обалына қалам деп ойламады

 

Мал қырылды – сұраусыз қанға бөккен
Айдаһар аштық келді - уын сепкен
Кім жазықты, жойылған өз жерінде
Миллиондаған қазаққа көрге кеткен

 

Ел қамын жеп күрескен арыстарды
Тергеу-сотсыз жазықсыз атып салды
Билік үшін опасыз сатқын ұрпақ
Шейіт болған боздақтардың орнын алды

 

Орыс пенен немістің ерегесі
Ол соғыс жалпы кімге керек еді?
Москва үшін талай қазақ қыршын кетіп
Ажал оғы тағы да себеледі

 

Талай сарбаз майданда жер жастанады
Бөтен деп,  орыс жерін тастамады
Сұм фашистке бір шөкім жер қалдырмай
Төгілгенше қара жерге қасық қаны

 

Тыңды игеру - көк шалғын жерді құртты
Жайлау менен жайылымды топырақ жұтты
Келімсектер көптігінің ықпалынан
Іштен шыққан шұбар жылан - мәңгүрт шықты

 

Орыс тілі арбайды әбжыландай
Ана тілі – сүмірейген сұр қояндай
Аңқау, нанғыш, сауықшыл, көнбіс халық
Шынымен кеткені ме бір оянбай

 

Ашу-ыза, өкініш қайнап жатыр
Қай бір қазақ – осыны ойлап жатыр
Күйзелген күйік елдің ащы мұңын
Жеткізетін көсем-шешен қайда жатыр

 

Ыза - кек ызғарланды – Желтоқсанда
Төгілді қызыл қан боп әппақ қарға
Жанталасқан жас ұрпақтың ерліктері
Таралды аңыз болып дүнияға

 

Желтоқсан – СССР-ды құлатады
Еуропаны бұғаудан босатады
Азаттық пен татулық, әділетке
Төтесінен демократиялық жол ашады

 

Жаралған Алматыда қан мен мұздан
Құтқарған жарты әлемді қыл бұғаудан
Делелдедің ұлы Дала – ұлылығын
Бар әлемге айналайын - сен Желтоқсан

 

Желтоқсаннан шыңдалған жаңа ұрпақ
Болашақта бәрімізге болар сабақ
Ар-намысын оқиғаның  жадыңда тұт
Жүрмегін бұл өмірде бекер қарап

 

Тәуелсіздік -  біздерге оңай жетті
Азат үшін қаншама жан қанын төкті
Қанша арыс арманына жете алмай
Болашақ  - ұрпақ үшін азап шекті

 

Ей, ұрпақ – түсін қазақ қасіретін
Шалқитындай халқыңа сен,  не етіп едің
Біткен іске жалаң ұран тастай бермей
Күресіңмен таныт қазақ қасиетін

Жаңа ғасыр – қазақ үшін алтын ғасыр
Сандығында мың ғасырдың құпия жатыр
Өскен елмен терезесі тең болатын
Ұрпақты  той күтіп тұр ұлан-асыр

 

Бөлінбейді ешкім бай мен кедейлерге
Түспейді ешкім бүгінгідей сергелдеңге
Дәулет пенен қазынамыз жалпыға ортақ
Даңқымыз таралады жерден-жерге

 

Мол байлық бүгінгідей шашылмайды
Арамза бай-мырзалар тасымайды
Билік үшін арын да, барын сатқан
Қызметтер – ақшаға сатылмайды

 

Ел тонаған қылмыскер сотталады
Ел көзінше қара жерге тапталады
Халықтың қамын жеген ер-азамат
Ұрпақтардың жүрегінде сақталады

 

Зейнеткерлер зарламайды бүгінгідей
Зарлатқандар неге жүр жерге кірмей
Жарты әлем -  ақыл сұрар ел болғанбыз
Қасиетіміздің мүмкіндігін,  жүрміз білмей

 

Жұмыссыздық өрт сөнгендей тыйылады
Тек жақсы іске дүйім жұрт жиылады
Халықтың берекесі мереке боп
Қазынаға – теңге алтын боп құйылады

 

Жас ұрпақ арамдықтан арылады
Білімімен әлемге танылады
Ақылменен кәсіп жасап, еңбек етер
Көк аспанмен теңесіп шаңырағы

 

Шулы базар – Хан сарайға айналады
Су күмістеп, бақта құстар ән салады
Өнер менен мәдениетке жол ашылып
Барша жұрттың мүддесіне айналады

 

Ел ағасын  - сайлайды халық өзі
Бағаланар әр адамның айтқан сөзі
Салауатты қоғамға жеткеніне
Алданған, адамдардың жетер көзі

 

Ол үшін - әлі талай күрес керек
Қорықпайтын еш нәрседен жүрек керек
Бойыңдағы бар күшіңді аянбағын
Алла, әруақ әрқашан жебеп жүред

 

Бәрі жақсы, деп қазір айта алмаймын
Кімге керек, мүсәпір кедей жайың
Сұры қашқан Қарақолды көргенімде
Алматыда – шалқамнан жата алмаймын

 

Жетістігі шамалы қазағыңның
Бір жерде той, бір жерде қаза бүгін
Ұры, бөспе, арамтамақ залымдарға
Толған әбден қоңырсып дала бүгін

 

Тиыны көп жартымилар – ел басқарған
Шал-кемпірлер нан таба алмай зар қақсаған
Жоқшылықтың зардабын тартқан жастар
Білімі аз, жүзі жүдеу, мәңгүрт надан

 

Жұмыссыздық итермелейді жаман іске
Жезөкшелік, наша-шылым,  төбелеске
Үкіметтің сақшысынан бір қайыр жоқ
Өңкей бұзық жабылып сені тепсе

 

Шындық айтсаң – қолыңа кісен салғызады
Женденттерге жаныңды алғызады
Көмейіңді қанжармен кесіп алып
Бетіңе күйе-таңба жаққызады

 

Шонжарларға тиімдісі  - момын халық
Дегенін істеткенге болып қарық
Көп көмектің бірі іске татымайды
Қайда барып құйылады жиған салық

 

Мың асқанға, халқым қашан тосқан болар
Есі кеткен ел басына шындық қонар
Жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып
Ортақтасқан тайқазан қашан толар

       
0
566
2