Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
-6
09:14, 19 декабря 2009

Ұлтсыздану мейрамы

Blog post imageЖелтоқсан айында Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы драмтеатрда Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романынның идеясы негізінде «Мәңгі Мәңгү. «Ғасырдан да ұзақ күн» романынан туған ой» атты спектакль қойылған болатын. Қойылымның режиссері - Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Мәдениет қайраткері Бекмұхамет Киікбаев.

Романның өзінен бастайтын болсақ, алғашында автор шығарманы «Құрсау» (орысшасы «Обруч») деп атады, яғни мәңгүрттің «құрсауы» мағынасында. Кейін ол «ғарыштық құрсауға» трансформацияланып, «адамзаттың басына орнайды». Алайда, цензура

атаудың мағынасын бірден түсініп, баспаға шығару үшін оны өзгертуге сұрайды. «Ғасырдан да ұзақ күн» атауы да жарамай қалғасын, сол кездегі соцреалистік сарынға жақындатылып, кітап «Боранды бекет» деп аталды. Айтматов үшін сол кезде бастысы - кітапты жарыққа шығару еді, сол себепті автор идеологиялық кикілжіңдерге сабырлық танытты. «Цензураның кесірінен романда онсыз да біраз нәрсе айтылмай қалды», - деп айтады автор уақыт өте келе...

Спектакль небары - 50 минут. Жас режиссер қойылымға театрдың жас актерлерін қатыстырды, және суретші мен хореограф та - жас мамандар. Бұл тегін емес, қойылымның өзі романға жаңаша көзқарас пен ой салады, жаңа болмаса да, басқа қырынан негізгі идеяны жеткізуге тырысады, ал бұл ой мен көзқарасты қабылдаушы көрермен де - жастар. «Боранды бекетті» бұрында да қазақ драмтеатрларында жиі қоятын, әлі де қойып жүр, алайда, осы жолғы спектакль романның негізгі әсері мен бүгінгі күнде көкейкесті мәселелердің бірі - ұлтсыздануды жаңа формада көрсетті. Адасу, мәңгүрттену, жоғалу - ұлттың проблемасы бола тұра, біріншіден, жастардың проблемасы. Сондықтан, бұл қойылымды жастармен жастарға қойылған спектакль деп түсіну қажет. Ақылы тоқтаған, мансабына жеткендер бұған скептикалық көзқарас білдіруі мүмкін, олардың өзгеруі де екіталай. Ал жастарға артылатын үміт пен сенім қашан да зор.

Қойылымдағы Жер шарын әлде шеңбер-құрсауды бейнелеп тұрған басты декорация Айтматовтың «Құрсауы» іспеттес. «Мәңгүрттену процесіне» қатысқандар сол декорацияны айналдырып, Жер шарын өз билігіне алғандай болады. Олардың сөзі де, ісі де - жоғарыдан келген бұйрық. Найман-Ана Сарыөзекке бір баласы үшін емес, тұтас бір ұлт кейпіндегі 5-6 актер сомдайтын балалары үшін келеді. Киікбаевтың Найман-Анасы - ұлтын, тілін, елін жоғалтқан адамзаттың анасы. Ал романның қалған кейіпкерлерінен тек Қазанғаптың мәйіті ғана. Мәңгүрттердің репликалары хореографиямен үйлесіп, көп әрекеттері қимылға негізделеді. Режиссер қойылымды жағымды әлде өзі үміт артып отырған шешіммен аяқтайды: ақырында мәңгүрттердің көзі ашылады, олар жаны бар саналыларға айналады.

Жалпы, театрдың бағыты мәдениеттің жаңаруы мен дамуының элементтері арқылы айқындалады. Алайда, бүгінгі таңда ұлтқа, оның ішінде жастарға артылатын жүкті, олардың осал жерлерін көрсетіп, қажет болса, проблеманың көкейкестігі мен маңыздылығын астарлап қана емес, қойылымдағыдай «айқайлап» та көрсеткен дұрыс секілді. Бүгінгі театр - тек қана рухани азық пен әлеуметтік институт емес, ол ұлтты құтқара алатын құралға айналуы тиіс.

Ақпарат көзі

-6
952
1