Yvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
6
15:36, 27 октября 2012

«МЕНІ ЕШКІМ ТҮСІНБЕЙДІ»

Бұл — жас ақын. Ешкімге ұқсамайды, ұқсағысы да келмейді. Көп адамға ұнамайды, ұнағысы да жоқ. Көбіне жақпайды, жағуға да ықылассыз. Өлеңдері тым «ашық», ашып айтады бәрін. «Туалеттегі туынды», «Қоқыс жәшігі»*, «Керісінше».  Бұл — ақынның жыр жинақтары. Кім болуы мүмкін? Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 4-курсында оқиды. Аслан Қаженов! Болмысы бөлек, өлеңі өзгеше  Асланмен  сұқбаттасудың сәті түсті.

Blog post image- Аслан ақынның балалық шағы қалай өтті екен?

- Мен 1990 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей Орда ауданында дүниеге келдім. Жанұяда үш адамбыз: анам, қарындасым және мен. Қарындасым осындағы (Алматы) республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын мектепте оқиды. Кішкентайымнан жоқшылықты көріп өстім, тіпті тұрмыс тапшылығы мені мектепке бір жыл кеш баруыма себепші де болды. Нан мен шайға, киер киімге зар болған күндеріміз әлі есімнен кетпейді. Бірақ өкініш жоқ.

- Өлең жазуды неше жастан бастадыңыз?

- М. Өтемісұлы атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында оқып жүргенде, қолыма Қадыр Мырза Әлидің бір топ өлеңдері түсті, соның әсерімен он бес томдық шығармалар жинағын оқып шықтым. Содан бастап өлеңге құштарлығым артып, алғашқы өлеңдерімді 9-сыныптан бастап жаза бастадым. Сөйтіп жүріп, 8-республикалық «Абай оқулары» жыр мүшәйрасында бас бәйгені еншіледім. Бір қызығы, мен қатысқанға дейін жеті жыл қатарынан Семей өңірінің ақындары бас жүлдені өздері алып келген екен. Мен сол дәстүрді бұзған сияқтымын (күліп). Содан бері қалам мен парақ жан серігіме айналды.

- «Ақын болу – қасірет» дегенді жиі естиміз. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

- Білмеймін, түсіндіре алмаймын (ойланып отырып, күліп). Білетінім, ақын болу кездейсоқтық емес, қаныңда болмаса, далбаса. Оның анықтамасын дәл ешкім айта алмайды. Мен де айта алмаймын. Түсініксіз күш пен беймәлім күй ғой.

- Неліктен бүгінгі таңда іздеп оқитын шығарма да, шығармашы да жоқ?

- Себеп біреу: ақпараттың өте көптігінен. Мысалы, өткен ғасырдың студенттері кітап оқуға құштар болды. Жақсы туынды тез танылды, қаламгерлердің де бағасы зор болды. Неге? Ақпарат аз. Ал қазір бәрі басқаша. Сана өзгерді. Толассыз тасқындаған ақпарат айдыны сананың сыйымдылығын толтырып жіберді. Кім немен айналысып жүр? Қызықтырмайды ешкімді. Алға қарай өз кезінің Мұқағалилары болмауы да мүмкін.

Blog post image

- Шығармашылығыңызға оралсақ, жыр жинақтарыңыздың аты «бір түрлі», жеке сайтыңызды көрдік, әдепсіз суретке толы, өлеңдеріңнің біразы интимдік тақырыпта. Неліктен?

- Біз өзімізге шек қойып тастағанбыз (күліп). Мысалы, ақын махаббатты жырласа, күйдім-сүйдім, ғашықтықтың белгілі жайы. Одан тыс бірдеңе айтылса, біздің менталитетке сай болмайды да, шошимыз. Шеңберден шығуымыз керек. Бірақ қашанда жаңа нәрсе алғашында жағымсыз көрінбей ме? Адамның әдеті емес пе, тірі кезінде қадірін білмей, кейін көкке көтереді. Мен оларды ойдан шығарған жоқпын, олар да қажеттілік. Қазір мені ешкім түсінбейді. Уақыт еншісіне қалдырдым.

- Өз тұстастарыңыздан кімді бағалайсыз?

Blog post image- Ешкімді. Себебі мен ешкімді оқымаймын, газет-журнал, кітаптарды оқымағалы біраз болды. Көретінім — ойын-сауық бағдарламалары, сол ғана.

- Ақсақал ақындарды ше?

- Оларды да. Тек Қадырды оқыдым деп айттым. Бәрінің айтары бір, бір соқпақ. Қызық емес.

- Ағысқа қарсы жүзем деңіз...

- Мүмкін, солай да шығар. Мен шетелдіктерден ақын-драматург Д. Хармс, кинорежиссерлер Параджанов, Куросаваны бағалаймын. Бұлардың атақ-даңқы шықпаған, неліктен? Қоғамның қозғалысына кері жүрген, қарсы жүзген.

- Поэзиядан басқа жанрларда бағыңызды сынап көрдіңіз бе?

- Биыл «Кроманьон жезөкше» және «Қырт-16» деген екі драмалық шығарма жаздым. Қоғамдағы кесір мен келеңсіз құбылыстар жайында баяндалады. Алдағы уақытта, тым жақын уақытта сахналанады деп ойлаймын.

- Сұқбатыңызға  рақмет.

Сұқбатты жүргізген:

Мейрамбек Ерланұлы Таубалдиев

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

филология факультетінің 4-курс студенті

_________________________________________________________________________
* Библиографиялық көрсеткіштер:

1. Қаженов А. Туалеттегі туынды. «Туалеттегі туынды» жыр жинағы. -Алматы, «Асыл кітап», 2010.

2. Қаженов А. «Қоқыс жәшігі» жыр жинағы. -Алматы, «Асыл кітап», 2011.

Жеке сайты: http://aslania.ru/

 
6