Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:38, 17 марта 2012

Насрулло Туйчизода: Тәжік имиджі «Наша Раша»-мен өлшенбейді

Blog post image– Насрулло, Тәжікстан баспасөзінің бір ғасырлық мерейтойы құтты болсын!

– Рахмет, әріптес.

– Қазақстанда Журналистердің төл мерекесіне нақты бір күн арналмаған. Сіздер неліктен 11 наурызды таңдадыңыздар?

– 11 наурыз – Тәжікстанның тұңғыш газеті «Бухорои Шариф» басылымының жарыққа шыққан күні. Тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта бұл күн біздің елдегі журналистер қауымы үшін ерекше мереке саналады. Жалпы, кез келген халықтың деңгейін бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетіне қарап өлшеуге болады ғой. Әрине, Еуропа елдерімен, АҚШ-пен салыстырғанда жүз жыл аса көп уақыт емес. Дегенмен, осы жүз жылдың ішінде Тәжікстанда БАҚ-тардың рөлі айтарлықтай артты деп айта аламын.

– Ресейлік «Наша Раша» атты телебағдарламасын көрген болсаңыз, онда Рашид пен Джамшуд есімді тәжік гастарбайтерлерін бейшара етіп көрсетеді. «Наша Раша»-ны Тәжікстанда қалай қабылдады?

– «Наша Рашаны» біздің халқымыз өте ауыр қабылдады. Мен бұл туралы бірнеше мәрте жазғанмын. Біреулер арнайы тапсырыспен сенің еліңді сорлы етіп көрсетсе, сенің халқыңның деңгейіне біржақты баға берсе, ашуың келетіні түсінікті ғой. Бәлкім, ресейліктердің көпшілігі Орта Азиядан келген эмигранттарды мәдениетсіз, кесірін тигізетін халық деп ойлайтын шығар. Бірақ олар бұрынғы Кеңес одағы құрамындағы елдерде өмір сүріп жатқан орыстардың да өзіндік «минустары» баршылық екенін білуге тиіс.

Алғашында «Арақтан аузы босамайтын, біздің менталитетімізге зиянын тигізіп жатқан сол орыстар туралы бейнероликтер, фильмдер түсіріп, «Наша Рашаға» неге лайықты жауап бермеске?!» деп ойлайтынмын. Ашығын айтсақ, Тәжікстанда да орыс қаңғыбас, бұзақылар толып жатыр. Олардың тіршілігі де адамның жиіркенішін туғызады. Әйтсе де, ойлана келе, проблеманы мұндай жолмен шешуге болмайтынын түсіндім. Қазір ашуға ерік беретін заман емес, кез келген мәселені ақылға салып, дипломатиялық жолмен шешкен дұрыс деп есептеймін.

– «Наша Рашаны» көрсетуге ты-йым салынған жоқ па?

– Жоқ, «Наша Рашаның» дискілері емін-еркін сатылады. Бірақ оны сатып алушылар көп емес.

Менің бір таңғалатыным, орыстардың өзге ел азаматтарын надан, топас етіп көрсетуге тырысатындығы. Қазір Ресейде тұратын тәжіктердің ішінде беделді жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін ғалымдар, «Жыл оқытушысы» атанған ұстаздар, спортшылар, керек десеңіз саясаткерлер де бар. Бірақ, неге екені белгісіз, біздің халқымыздың жақсылығы емес, келеңсіз тұстары ғана айтылады.

– Ашығын айтқанда, Қазақстанда орыстілді БАҚ-тардың, ресейлік БАҚ-тардың ықпалы күшті. Ал Тәжікстандағы ахуал туралы не айтасыз?

– Жалпы, біздің елде тәжік және орыс тілінде ғана емес, ағылшын, араб, парсы, өзбек тілінде шығатын мерзімді басылымдар бар. Қазір тәжік тілінде хабар тарататын газет-журналдардың, интернет-сайттардың саны орыс тілділерден әлдеқайда көп. 2000 жылдардың басында орыстілді БАҚ-тардың қатары көбейіп кеткен-ді. Сол кезде Душанбеде шығатын 116 басылымның 44-і орысша газет-журналдар болатын. Қазір менің білуімше жиырмадан сәл-ақ асатын болу керек. Олардың ішінде «Голос Таджикистана», «Курьер Таджикистана», «Азия+», «Вечерний Душанбе» сынды газеттердің таралымы айтарлықтай көп, бірақ тәжік тіліндегі басылымдардан төмен.

Орыс тілді БАҚ-тардың көпшілігі жеке меншікке тиесілі. Олардың қаржы көздері де әртүрлі. Халықтың басым бөлігін тәжіктер құрайды, олар көбінесе ана тілінде хабар тарататын ақпараттарға құлақ асады.

– Тираж мәселесі шешімін тапқан ба?

– Шыны керек, журналистиканың бас ауруына айналған мәселелердің бірі – осы тираж. Осыдан екі-үш жыл бұрын бас редакторлардың арасында арнайы сауалнама жүргізілген екен, сонда олардың жартысынан көбісі тираждарына көңілдері толмайтынын айтыпты. Бізде кейбір газеттердің тиражы ондаған мың дананы құраса, енді біреулері жеті-сегіз мың данадан аспайды. Аға буын журналистердің айтуынша, 1980-90 жылдары тираж саны қазіргіден әлдеқайда көп болыпты.

– Қазақстандық БАҚ-тардың көпшілігі мемлекеттік тапсырысқа, қаржылай демеушілерге тәуелді. Тәжік баспасөзінің жағдайы қалай?

– Біздегі жағдай да соған ұқсас. Үкіметтік БАҚ-тар, салалық және жеке меншік БАҚ-тар әрқайсысы өз мүддесі мен демеушілерінің мүддесін қорғауға тырысады. Әйтсе де, соған қарамастан неғұрлым шынайы ақпарат жеткізген журналистер оқырмандар арасында танымалдыққа ие.

Жалғасын "Нұр Астана" газетінің сайтынан оқи аласыз

0
552
0