Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:01, 07 марта 2012

Шағалалы Шардара

Шағалалы Шардара

Күз – береке, молшылық. Ерте көктемнен жаз соңына дейін белін жазбаған диқан қауымының еңбегінің рахатын шын сезінетін кезеңі бұл. Осындай береке уақытында Оңтүстік топырағына туын тіккен бірнеше аудан, қалалар да мерейтойын тойлауға уақыт тапты. Соның бірі – Шар­дара ауданы. Мұнда осындағы су қоймасының құрылысына 50 жыл және аудан, қаланың құрыл­ға­нына 40 жыл толуына орай мерейтой өткізіліп жатқанда, ара­ға күн салып алаш жұрты үшін қасиетті құт мекен Қазығұрт ауданы да өзінің 80 жылдығын лайықты атап өтті.

Оңтүстік үшін ғана емес, Қа­зақ­станда да орны бөлек екі ауданның торқалы тойына облыс әкімі Нұрғали Әшімовпен бірге “Егемен Қазақстан” респуб­ли­калық газеті” АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов қатысып, аудан халқын құттықтады.

Бүгінде алып жасанды теңіз үстінде шағаласы шарқ ұрып, толқыны жағалауды сүйіп жатқан Шардара мен сұлу қыздың жел тербеген бұрымындай көзге ұрып, момақан кейіппен Арал теңізіне бет алған Сырдың бойы осыдан қырық-елу жыл бұрын құлазыған қу дала болды деген қазір ертегі сияқты. Алғашқы комсомол-жас­тар бригадалары толқын-толқын болып келіп қазығын қаққан сар далада бүгін Қазақстанда теңдесі жоқ көлі бар аудан түтінін түтетіп отыр.

Шардара!

Шалқадан жатыр адамдар салған арнада.

Қанды ма шөлің, нар далам?

Тынды ма үнің зарлаған

Шардара! – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлаған Шардара ауданының мерейтойы алдымен республикалық ақындар мүшәйрасымен ашылды. Қазақ­тың тағы бір қадірлі ақыны Қа­дыр Мырза Әлі төрағалық еткен жыр жарысына елу шақты ақын қа­тысып, нулы өлкені өлең нә­рімен сусындатты.

Келесі күні Шежіре сая­ба­ғында облыс әкімі Нұрғали Әші­мов, облыстық мәслихаттың хатшысы Әбілқасым Досболов бас­таған азаматтар Төле, Қазыбек және Әйтеке би ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Шардарада еңбек еткен аудан әкімдерінің бірі Се­рік Ибадуллаев қалада жал-жал болып үйіліп жататын үйінділерді күретіп, су жүргізіп, көшет егіп төңіректі жазираға айналдырған еді. Ауданның тіз­гінін ұстаған, орда бұзар отызды орталаған Марғұлан Марайым да әріптесінің жақсы бастамасын сәтті жал­ғастырған. Соңы көк теңізге барып тірелетін “Тұңғыш Президент” саябағы Шардараның көркін ашқан көкорай белге айналған. Саябақта “Ғашықтар аллеясы” салынып, монументі орнатылған, “Ақ босаға” неке сарайы бас қосқан жастардың құтты орны. Осында “Ана мен ба­ла” ескерткіші да өз көркімен көз тарта асқақтап тұр. Шардараның бар тарихын бойына жинаған аудандық тарихи-өлкетану мұра­жайы да саябақ ішінде.

Облыс басшысы Н.Әшімов пен об­лыстық мәслихаттың хатшысы Ә.Досболов, сенатор Қ.Айтаханов пен “Егемен Қазақстан” респуб­ликалық газеті” АҚ президенті С.Абдрахманов “Батырлар аллея­сына” гүл шоқтарын қойғаннан кейін мерекеге арналған салтанатты жиын Абай атындағы Мәдениет үйінде жалғасты.

Аудан әкімі Марғұлан Марайым баяндама жасап тұр. Иә, бертінге дейін күйі келмей жүрген аудан­дардың бірі Шардара еді. Қазіргі жағдайы көңіл тоғайтарлық.

Бүгінде Вице-премьер қызме­тіндегі Өмірзақ Шөкеев осы облыста басшы болып тұрғанда әр ауданға тиесілі бюджеттен бөлек 200 млн. теңгеден қаржы бөлген еді. Бірді екі ете алмайтын әкім­дердің алдының еккен көшеттері қурап қалғанда, іскерлері осы ақшаға жыртығын бүтіндеп алды. Соның бірі – осы Марайым. Жиын барысында облыс бас­шыларының бірі: “Марғұлан қа­ланы абаттандыру жұмысына аудан халқын тегіс ұйыстырып, 200 мил­лионның орнына 600 миллионның жұмысын істеп алды”, деп орынды айтты. Қаладағы көп қабатты үйлердегі қордаланған мәселелер шешімін таба бастады. Соңғы жи­ырма жылда жөндеу көрмеген ша­йынды су ағатын жүйелер қалыпқа келтірілді. Насостар орнатылды. Арық-атыздар тазартылып, кө­шет­тер егілді. Қаланың санитарлық тазалау жұмыстары жөнге қо­йыл­ды. Көшелер жөнделді, асфальт төселіп, жарықтар тартылды.

Аудан басшысы Шардараны ая­ғынан нық тұрғызу үшін өңірдің қо­лынан келетін бес стратегиялық ба­ғыт таңдаған. Атап айтқанда, туризм саласын дамыту. Ет, сүт, ба­лық өнімдерін өңдеудің соны тә­сіл­дерін іске қосу мен мақтаны ши­кізат күйінде емес, ауданның өзінде өң­деу бағыттарын іске асыра бас­таған. Шардара көлі Оңтүстікте жал­ғыз. Жағалауына инвестиция са­­лып, көпшілік демалатын жайлар са­луға ынталы азаматтар бар­шылық.

Қойнауы төрт түлікке толы Қызылқұм да саф ауа аңсаған сая­хатшылар үшін тамашалауға қо­лайлы аймақ. “Агронесие” кор­порациясы” АҚ арқылы 151 млн. теңге несие алған жеке кәсіпкер Б.Серманиязов балық өнімдерін өңдейтін зауытын жыл аяғына дейін қоспақ. “Алтын-текс” шағын тоқыма фабрикасы мен мақта майын сығатын, мал азығын дайындайтын кәсіпорын құрылысы басталған.

Жиында отыз жасында Шар­дара аудандық атқару комитетінің төрағасы болып, өнегелі ізін қал­дырған, бүгінде сенатор Қуа­ныш Айтаханов сөз алып, Қызылқұм массивін игерудің екінші-үшінші сатылары жайында әңгімеледі. Көксарай су реттегіші туралы бүгінде кейбіреулер әртүрлі әңгіме айтып жүр. Сенатор оның дәйек­сіздігін бір ауыз сөзімен жоққа шығарды. Бүгінге дейін Қазақ­станға тиесілі 40 млн. текше метрге жуық су Өзбекстанға өтіпті. Көр­шілер одан үлкен көл жасап, қызығын көріп отыр.

Көксарай арқылы Аралға су толық барады, ен жағалауына ел қонады. Үлкен келешек бар.

Облыс әкімі Нұрғали Әшімов тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаса да толайым табыстарға жеткен аудан әкімі М.Ма­райымның жұмысына көңіл толатындығын білдіріп, атқарар ісіне әрі қарай да табыс тіледі.

 
0
6297
4