Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
09:54, 24 апреля 2012

ЕУРООДАҚ ЕНДI ҚАНША ӨМІР СҮРЕДІ?

 Таяуда Пекинде Қытай және Еуропалық одақ басшылары 14-ші рет бас қосты. Оған ҚХР Мемлкекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао, Европалық кеңес төрағасы Херман Ван Ромпей және ЕО комиссиясының басшысы Жозе Мануэл Баррозу қатысқан еді. Кездесуде Қытай Еуроаймақ елдерін инвестициялау туралы уәде берді. Осыған орай әлем баспасөзі не дейді? Зер салайық.

Қытай Еуропаға көмек қолын ұсынбақ. Еуроаймақты дағдарыс жағдайынан алып шығу үшін Пекин еуро активтерін қолдап, валюта өсімін және азиялық акцияларды ынталандыруға инвестиция беретінін жеткізді. Сол арқылы қарыз дағдарысының шешілуіне жол ашылады. Қытай премьері Вэн Цзябао Еуроодақ басшысы Херман Ван Ромпеймен бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатында «Қытай Еуропаға қолдау көрсетуге, қарыздарға қатысты мәселелерді шешіп беруге сақадай сай» деп мәлімдеді. Бұл туралы американдық «Блумберг» агенттігі жазады. «Біз еуроның қарыз дағдарысын реттеу­ге қатысамыз», – деді Пекиндегі кездесуде Қытай халық банкінің басшысы Чжоу Сяочуань. Әлемдегі ең ірі валюта қоры бар Қытай үкіметі ($ 3.18 трлн.) Еуропалық тұрақтылық механизмін (ESM) және Еуропалық қаржылық тұрақтылық қорын (EFSF) Халықаралық валюта қоры арқылы қаржыландырудың әртүрлі нұсқаларын қарастырып жатыр, – дейді агенттік тілшісі Қытай банкирінің мәлім­демесіне сілтеме жасап.
Еуроодақ дағдарысының жалыны Қытайды да шарпу қаупі бар. Кәрі құрлық­тың ақпарат құралдары осылай шулап жүр. Халықаралық валюта қоры Еуропадағы жағдайдың нашарлауы Қытай экономикасына кері әсерін тигізетіні туралы ескерткен еді. Британдық sky.com сайты Қытайдың Еуропаға жылылық танытуы тегін емес деп түйіндейді. Бәлкім, бұл қытайлықтардың өз «экономикасын» қорғаудағы бір әдісі шығар.
Еуропа басшылары аспанасты елімен былтырдан бастап жақын қарым-қатынаста екенін айта кеткен жөн. Себебі өткен жылдан бері Қытай осы аймақтың қарыздар болған елдеріне қаржылай көмек беріп келеді.
Қытайдың орталық банкі еуроның дағ­дарысына қатысты оптимистік көзқараста. «Уолл стрит джорналда» осындай атаумен жарияланған мақалада Қытай Халық Республикасы Еуропадағы активтерін реттеп, кеңейтуді жоспарлап отырғанын алға тартады. Расында Пекиннің көздегені де әлемдік экономикалық кеңістікте өзінің «билік» жүргізу шекарасын кеңейту екені белгілі. Ал «Хорватия коллинг инфо» сайтындағы «Еуропа дағдарысы: 11:55» атты мақаласы өзіне назар аудартпай қоймайды. Автор Еурооймақтағы қыстың кәрі қайтса да, еуроның дағдарысы қайтпай тұрғанын айтып қынжылады. Еуро мәселесі Еуропарламентті өзінің тұрақты баспанасына айналдырғанға ұқсайды. Автордың көзқарасынша, ортақ валютаны қабылдау о бастан қателік болды. Егер қисынға салсақ, елдердің валютасы ортақ болса, ол сәйкесінше ортақ салық жүйесін талап етеді, ал бірдей салық жүйесі болса, заңдар мен құқық қорғау органдарының бір болуы заңдылық, міне солай жалғаса береді. Грекия, Ирландия, Португалия және Италияның жағдайы мүшкіл. Ал француздар мен британдықтар кәрі құрлықта өз қуатын сақтап қалу үшін күресу үстінде. Қалай десек те еуро кризисі ұлттық валютаның ғана дағдарысы емес. Бұл дағдарыстың себебін автор басқару жүйесінің тиімсіздігінен көреді. «Еуроодақ енді қанша өмір сүреді?» деген сұ­рақ мақалаға арқау болған.
Қытайлық Синьхуа агенттігі әлемдік экономиканың тоқырау жағдайында ЕО басшылары мен Қытай үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейтудің маңызыдылығына баса назар аударыпты. 2012 жылы Қытай мен Еуроодақ арасында бірқатар келісім-шарттар жасала бастайды, олардың ең маңыздысы екіжақты инвестициялық келісім болмақ. Статистика бойынша екіжақты сауда айналым көлемі осы күнге дейін 560. 000. 000. 000 еуроға жеткен.
Соңғы бір жыл көлемінде еуропалықтар «қытайлық» синдроммен ауырып жүр десек болады. Осы аптада Қытай үкіметі қытайлық компаниялардың Еуропа экономикасын иемденіп кету қаупін басуға тырысты.
Қытай «Еуропаны сатып алуды» жоспарламайды. Осы сынды мағынадағы мақалалар қытайлық мемлекеттік газеттерде жарыса жарияланды.
Мәселен Пекиннен таралатын мемлекет­тік People’s Daily газеті: «Еуропа халқы айтып жүргендей Қытай Еуропаны сатып алуға» еш ниетті емес, тіпті әрекеттенбейді де, Еуропаны өз бақылауында ұстау туралы ойы жоқ. Пекин еуроны және Еуроодақты толық қолдап, көмек көрсетеді», – деп сендіріпті.
Осы газетке берген сұхбатында Қытай премьері Вэнь Цзябао: «Шындығында, Еуропаға көмектескеніміз – өзіміге көмек­тескеніміз, көп жылдардан бері ЕО Қытайдың ең ірі экспорттық серігі және технологияның қайнар көзі, сондай-ақ шетелдік инвестицияның басты қамтамасыз етушісі болатын».
«Франс Пресс» агенттігінің деректеріне сен­сек, Қытай компаниялары мен қорлары қазірдің өзінде Еуропадағы инвестиция мөлшерін көбейтіп, коммуналды қызметтер, энергетикалық компанияларды, сондай-ақ қымбат яхта өндіруші зауыттарды сатып алып, жұмысын жүргізіп отырғанын алға тартады.
Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың көздегені – ұлттық әл-ауқат қорын АҚШ облигацияларынан оңаша диверсификациялау және қытайлық компаниялардың қызмет көрсету аумағын кеңейту.

 түпнұсқасы http://turkystan.kz/page.php?page_id=52&id=7394

0
643
1