Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
03:01, 20 декабря 2011

Жаңаөзеннің 20 жылда қордаланға мәселесі радикалды шешімге әкелді

Мереке кезінде Жаңаөзенде болған оқиғаны ауылда жүріп естідім. Өйткені бүкіл арналардағы мерекелік даңғаза шаралардан тамашалаудан жалығып, өз шаруаммен жүргенмін. Ауылдан келе сала жаңалықтарды үзбей қарай бастадым. Айтып жатқандары (үкіметтік арналардың) сұмдық! Бір деректі фильмді қалай тез жасап үлгергенін білмедім барлық арнадан қайталап көрсетіп жатты. “Шар, жалау алып шыққан балаларды қуды, ақжаулықты ананы, кейуананы шеттеті” деп сайрап жатқан мемлекеттік арнадағы жүргізушінің даусын жақсы таныдым. Бірақ арналар түсінікті етіп айтып жатқанымен, оқиғаның мен үшін түсініксіз тұстары көбейіп кетті.

   

Сонымен әзірге көп ақпаратым болмаса да, бұл оқиғаға қатыспасам да, көрмесем де оны, ондағы қатысқан полиция мен шеруге шыққан мұнайшылар арасында туысым, жанашырым жоқ болса да, демалыс күндері үйде отырып, арналардағы көрсеткендерге қарай отырып түйгендерімді көпшілікке жария ету керек деп шештім.

Жалпы үкімет шерушілерді айыптап үлгерді. Оған куәсіздер. Меніңше екі жақта кінәлі. Шерушілердің қоғам тыныштығын бұзып, бір қаланың тыныштығына ойран салғаны кімді де болса да бейтарап қалдырмайды. Ал, халықтың осындай ашынған әрекетке баруында еш амал жасамаған, болмаса жеткілікті шара қолданып жұртты сабырға шақырмаған биліктің кінәсі де шерушілердікінен кем емес.

   

Барлық арналар және мемлекеттік орган басшылары салған жерден шеруге шыққан адамдарды “бұзақы”, “содырлар” деп айыптап жатты. Ал олардың мәлімдемесін жинақтаған жаңағы деректі фильмді жасаушы әріптестеріміз айыптың бояуын қоюлатып, қаратүнекті қаптатып жер-жебіріне жетіп жатты. Әрине бұндай тапсырмалардың қалай орындалатыны тілші ретінде бізге белгілі.

Жалпы мұнайшылардың мамыр айынан бері жұмыс берушілердің әділетсіздігіне қарсы бейбіт шеруге шығып келе жатқаны белгілі. Сонда жеті айдай жұмыссыз, әділеттілікті талап етсе де дауысын үкіметтің айыптауы басып кеткен, сотта жеңілген, көшбасшылары әлдебір айыптармен қамауға алынған адамдар не істеуі керек. Минингіге шығу үшін қала әкімшілігінен рұқсат алуың керек. Бермейді әрине қала әкімдігі мұндай рұқсатты. Алайда мұнай монополистері компанияларымен әкімшілік тығыз байланыста олар бір-бірінің көзін шұқымайды.

БАҚ құралдары әсіресе мемлекеттік баспасөз шерушілер жайында ләм-мим деп аузын ашпайды. Олардың айтарлары көпшілікке жетпейді де. Мұндай ахуал қалыптасқан кезде назалы 2 мыңға жық ашынған адамнан нені болсын күтуге болады.

   

“Мұнайшылардың жалақысы 300-500-800 мың екен… Миллион сұрап жатыр” дегенге де мен сене алмаймын. Өйткені осынша жалақы алатын адам полицияға қарсы тұрып, әкімшілікті өртеп не жыны бар. Қазір ғаламторды ашсаңыз “бұл оқиғаға шетелдіктердің қатысы бар”, “халықаралық ұйымдар кінәлі” болмаса, “ел байлығын жыраққа тасып қашып кеткен олигархтардың ісі” дегенді көп оқимыз. Сонда қазақтың жеріндегі ағайынның күйіне басқа біреудің жаны ашуы керек пе? Ал біз қол қусырып қарап отырамыз ба?

Жаңаөзендегі оқиғаларды түсіріп алған бейнекөрініске көз салсаң оны тасадан, алаңдағы жұрттың көзіне түспей таспаға жазып алғанын көреміз. Бұл қауіпсіздік органы қызметкерлерінің жұмысы екені көзге ұрып тұр. Сонда олар ахуалдың алдын алғанның орнына “көпшілік не істейді екен? “ертең осы таспа арқылы айыптаймыз” деген пиғыл ма?

 

Сөз соңында барлық телеарналар қайталап берген деректі киноға қайта оралсам. Осыдан 20 жыл бұрын желтоқсанда Алматы алаңына жиналған жастар жөнінде де осындай қаралаушы ақпараттың дауысы басым болғаны белгілі емес пе? Бұл фильм де сондай сарынмен жасалғанынан ба мені сендіре алмады. Біз кеңес одағының боданында отырған жоқпыз ғой. Шындықты ашып айтсақ ешкім бізге тоқтау салмайды ғой. Мемлекеттік БАҚ шеруге шыққандардың біреуінен “неге бұндай харекетке бардыңдар?” деп сұрап соны бізге көрсетпейді. Оларда айтсын не талап еткенін. Шындыққа жету үшін екі тараптың да уәжі берілетіні ал, істің ақ қарасын талдау көрерменнің өзіне қалдырылмаушы ма еді адал журналистикада.

P.S.

Сөз соңында айтарым бес тентекті тезге салатын әкеміздің қарапайым ақылы болушы еді. Ұлдар қашан тыныш жүреді, шекісіп қаламыз, сосын әкемізге барып шағымданамыз, сонда әкеміз “Қайсысың үлкен болсаң, соның кінәлісің” деуші еді.
Жаңаөзендегі жағдайды ақыл тезіне салсақ, халықты емес биліктің кемшілігі деп ашып айтуға болатын секілді. Өйткені биліктің интелектуалдық потенциалы, құзыреті бар, басқарушы тетіктерге ие, құқықтық тетіктерді де өзіне икемдеп жасай алады. Яғни қарапайым мұнайшылардан ақылды әрі үлкен. Ал үлкені ретінде жанжалдың алдын алуға ақылы жетпеді ме?

 
1
440
0