Yvision.kzYvision.kz
kk
Qaz
Qaz
492 постов4 подписчика
0
12:01, 03 сентября 2011

"Джейн Эйр" әлде "Бір күн"?

Осы аптадағы көрермендер асыға күтіп жүрген романтикалық киноның бірі - режиссер Кэри Фукунаганың Шарлотта Бронте романы бойынша түсірілген "Джейн Эйр" драмасы. Романды оқымасам да, трейллеріне қызыққан мен бұл киноны көремін деп шештім. Алайда фильмнен шыққан соң, осыдан бір апта бұрын көрсетілген басқа бір романтикалық драма "Бір күнмен" салыстырмай қоя алмадым.

Blog post image

Романтикалық туындылардың екеуі де әр түрлі. Алайда, екеуінің арасындағы ұқсастықтарды іздеп көрейік. Бір қызығы оқиға желісі екі фильмде де Англия төңірегінде өтеді. Тек бірі Англияның Викториан заманын, ескі, дәстүрлі Англияны көрсетсе, екіншісінде оқиға Единбургта 1988-жылдан басталады. Екі фильм де махаббат жайлы. Тек бірінде махаббат оқиғасы қайғылы аяқталса, қайсар қыз Джейн Эйр түп соңында өз сүйгеніне қосылады.

Ал бұл екі фильмнің ең үлкен айырмашылығы, әрине, екеуінің жанрында. "Бір күн" романтикалық комедияға көбірек келсе, "Джейн Эйр" романтикалық драма.

"Джейн Эйр". "Мрачный, драматичный, временами страшный, но в тоже время очень романтичный" - көрерменнің бірі осындай баға беріпті бұл фильмге. Расында да кино бастала салысымен, көрерменді жабырқау, қатал әрі суық Англияға әкетеді. Жай ғана жылулық пен сүйіспеншілік іздеген кішкентай Джейнді әпкесінің үйі жақтырмай, ақыр аяғы жетім қыздарға арналған пансионға жібереді. Онда есейіп, бой жеткен Джейн ары қарай өмірін Эдвард Ферфакс Рочестердің иелігінде, Торнфилдте, сегіз жасар қыздың гувернанткасы болып жалғастырады. Ауқатты иесінің көзіне түскен Джейннің өзі де Рочестер мырзаға ғашық болып қалады. Алайда дәл екеуінің үйленер кезінде, Рочестердің 15 жыл бойы қамауда ұстап жүрген әйелі бар екендігі белгілі болып қалады. Мұндайды көтере алмаған Джейнге тек  Торнфилдтен безіп кету қана қалады... Шытырман оқиғалы бұл фильмнің ақыр аяғы екі жүректі қосады.

Сюжет желісі қызық болғанымен, кейіпкерлердің репликалары, менің ойымша, одан да тартымдырақ болуы керек еді. Бұл ретте әрине "Один день" фильміне жетпейді. Актерлердің шеберлігіне келетін болсақ. Басты рөлдегі Джейннің рөлін ойнаған жас австралиялық актриса Мия Васиковсканың сомдағаны кей жерлерінде көңіліме жақпады. Экрандағы ғашықтардың махаббатына сене қоймадым. Тек қана Рочестердің әйелі бар екендігі білініп қойған кездегі екеуінің соңғы әңгімесінде Джейн мен Эдвардтың арасындағы сезімнің бар екендігіне сәл ғана сене бастайсың.

Бұл ретте тағы да "Один день"-мен салыстырсақ, Эмма мен Дэкстің арасындағы сезім ұшқыны экран бетінен-ақ білініп тұрады. Эмма қайтыс болғаннан кейін Дэкстің қиналысы, сағынуы - бәрі де сенім тудырады. Ал "Джейн Эйр"-дағы ұнаған роль - Джейн Эйрдің кішкентай кезін сомдаған Амелия Кларксонның ойыны. Жалпы фильм сол дәуірдегі Англия өмірі, сол замандағы әйел теңсіздігі, таптық айырмашылықтар жайлы сыр шерте отырып, өмірін өзгертуге дәрменсіз, алайда сүйгісі келетін, бақытты болғысы келетін, қиындықтарға қарамайтын, өмірге құштар жанның тағдырына еріксіз көңіліңді жібітеді.

Blog post image

Сондай-ақ кино барысында бір-екі рет шошып қалған кездерім де болды. Режиссердің фильмге суық реңк беруінің бір тәсілі де болар, күтпеген сәтте орман ішінде қарғаның ұшып шығуы немесе Рочестердің аурушаң әйелін көрсеткен кезде, хоррор фильмдерді көре алмайтын мен, селк етіп отырдым.

Қорыта айтқанда, "Джейн Эйр"-ге кітабын оқыған немесе готикалық драма фильмін көремін деп ниеттеніп барған көрермендерге өшпес әсер қалдырмақ.

0
884
3