Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 767 постов40 подписчиков
Всяко-разно
1
03:48, 24 июля 2011

ҚАЗАҚ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫ МЕН ФИЛОСОФТАРЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫ: ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН

Жүсіп Баласағұн (1020-?) -

ақын, ойшыл, ғалым, мемлекет қайраткері

БАЛАСАГУН

Ж. Баласағұнның моральдық-этикалық мәселелерді көтеретін «Құтты білік» дастаны мемлекетті басқару әдістерін, адамгершілік принциптерін, қоғамдық-саяси мәні бар түрлі ережелер мен заңдарды, әдет-ғұрыптар нормасын қамтыған, энциклопедиялық дәрежеде жазылған көркем туынды болып табылады. Дастанның басты идеялары төрт принципке негізделіп жазылған: 1) мемлекетті дұрыс басқару үшін әділ заңның болуы; 2) бақ-дәулеттің басқа қонуы; 3) ақыл-парасаттың қоғамдық рөлі; 4) қанағатшылдық мәселесі. Осы принциптерді ұстанған еңбектің негізі әділдік (Күнтолды), бақыт (Айтолды), ақыл (Ойтолды), молшылық (Жетелеуші) сияқты кейіпкерлердің сұхбаты іспеттес жүргізіледі. Адамгершілік, имандылықты насихаттайтын саяси-философиялық трактат идеясы әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастар жайындағы» ойлармен ұқсас. Бұл еңбек өз уақытында Қытай, Үндістан, Араб, Парсы ғұламалары тарапынан жоғары бағаға ие болды.

 

КУТТЫ БИЛИК

Ж. Баласағұн өз шығармасында заманның бұзылғандығы, достардан жапа шеккендігі туралы баяндайды. Ол адамдардан кісіліктің жоқтығы, ағайын-достық арасындағы қарым-қатынаста жаттан айырмашылығының болмауы, халық арасында иман, сенім мен жақсы қасиеттің қалмағанын өкіне баяндайды. Сонымен бірге, жігіттікке ашынып, өкініп, қарттық туралы да айта келе, ол өзіне ақыл-кеңес беру арқылы, қоғам мүшелеріне ықпал еткісі келеді. Ақынның дастан жолдарында айтылған мына сөздері:

«Сөзді тура, ащы, қатты сөйледім,

Түзу сөзді ұғар түзу ел дедім.

Оқушыға аса ауыр келмесін,

Ашық айтып, көрінгенді термедім!» (Құтты білік / Көне түрк тілінен аударған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған А. Егеубай. –А, Өлке, 2006. – 622 б.), - оның шын мәнінде ел жағдайына немқұрайлы қарамағандығын көрсетеді

Жалпы ақын адамның кемелдену жолдарын айқындайды. Оның барлық көріністері өлең жолдарында айтылады және оның сапалық белгілері мынада деп ойлаймыз: 1. Адам баласының қадір-қасиеті – білім мен ақылда. Ол адам кемелденуінің алғашқы жолы. Ғылым іздеу – мұсылманның бір парызы; 2. Тілдің пайдасы мен зияны бірдей; 3. Ізгілік – адамзат үшін ең қажетті қасиет; 4. Даңқ пен дәулетке мастанба, ол бір орнында тұрмайды; 5. Әділеттің жолын қу, шыншыл бол; 6. Сараңдық пен ашкөздіктен аулақ бол; 7. Иттердің басшысы арыстан болса, иттер де арыстандай күркірер, ал арыстандардың басшысы ит болса, иттің тірлігін қылар; 8. Тексіз кісі уәзір бола алмайды. Бек қандай болса, уәзірі де сондай; 9. Намысшыл ер бол; 10. Өз пайдаңнан гөрі ел пайдасын ойла. Қайырымды бол (Қыраубаева А. Ежелгі әдебиет. 5 томдық шығармалар жинағы. – 2 том. – Алматы, 2008. – 185-187 бб.).

1
11942
0