Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
21:34, 18 июля 2011

Ойлар

Кеше ата тегі африка халықтарынан тараған қара торы жігіттің motivational speechін тыңдадым.

Өте тамаша, келісімді және уақыт өткенін елемейтіндей тартымды баяндама болды. Баяндама барысында қол шапалақтап, орнымнан тұрғым келді. Ойда не бар, күнделікті тіршілікте  де орын алған олқылық ойларыңды ортаға жайып салғанда бір көтеріліп қалдым. Сөздері тура құлаққа кіріп бойды алған ән болмаса да, жаныңда қоныс тепкен кей сезімдерді шалып өтті. Осындай болсам қалай еді, мен де осылай басқалардың шабытын шақырып, күйбең тіршіліктен бір сәт үзіліп шығып, армандар ауылына ат басын бұрып, шырқау шыңдарға шығуға ынта берсем қалай болар еді деген ойлар бойымды жайлады.

Әрине, күнделікті тіршілік өз дегенін алады ғой. Арамыздағы азымыз емес, көбіміз барымызбен базар болып, азды-көпті ішерге тамақ, киерге киім киетін қаражат тауып, тоғыз бен алты жарым арасында тер төгіп, кешке үй жаққа аяңдап, одан қалса жұма күні таңертең мешіт, кешкісін сырахана мен клубқа жол тартып, жексенбісін моншамен аяқтап, «қайран демалыс, қайдасың, шайтан алғыр дүйсенбі табалдырықта» деп бір күрсетінімізді қайтесің.

Осы «режимдік» өмірден бір сәт кетіп, жүрек түбінде, санаңды анда-санда түрткен армандарды орындауға қайрат пен күш жинап ұмтылуға не  кедергі болады екен ?

Жоғарыда айтқан қара торы жігітте оған бір жауап бар. Ол өзіміз. Біздің ішкі диалог. Іс бастар алдында, не болмаса жалғасы өміріңнің өзгерісіне әсері бар маңызды шешім қабылдар алдында біз ішімізден өзімізбен өзіміз сөйлесеміз. Сол диалогтың жауабы өте сирек жағдайларда «иә» деген жауапқа ие болады. Көптеген жағдайларда жауап «бар ғой соны жоғалтпайын, ертең не боларын кім болар, пәлесінен аулақ» дегендермен шектеледі. Бернард Шоу айтқан екен «Ә деген байлықтың бәрі қайда ? Алтында? Ақшада? Материалдық құндылықтарда? Жоқ байлықтың  таптырмас көзі зиратта (молада)! Қаншама жаңа ойлар, идеялар, қаншама жаңа құралдар өмірге келмей соның иелерімен ақриетке кетті! Өйткені адам табиғаты солай, көптегендері «иә» деудің орынына «қолдағысы бары да жеткілікті» дегенмен кетті».

Сондықтан да армандаудан қорқудың қажеті жоқ. Мақсат қойып, соған қол жеткізу қамын ойлап, күш-жігерді аямай салу сенің басты өмірлік ережеңе айналуы тиіс. Сен жақсы өмірге, жайлы көңілге, шаттыққа бөленген жақыңдарыңның жүзін көруге «иә» деуің керек. Әлбетте, ол мақсатқа жету оңай болмайды. Уақыт пен шыдам аса мол қажет. Егер өз өміріңе өзің ие болмасаң онда несіне адам болып дүние есігін аштың. Жай келіп, жай кету - мақсатың сол болса, онда сенімен қатарлас өмір жолын жүру орынсыз уақыт жоғалту.

Көп сөз боқ сөз. Қазақ жай айтпаған. Сондықтан білек түріп, арманға жету қамын ойлауға кіріс қарағым.

 
0
307
0