Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
13:29, 23 июня 2011

ҚАЗАҚТАРДЫҢ КӨБІ ЕУРОПАЛЫҚ ҮЛГІДЕГІ ДҮНИЕЛЕРДЕН ШАРШАҒАН СИЯҚТЫ

Ырза Турсынзада

Біздің заманымыз ақпараттар тасқыны мен жаһандану атты әлсіз мәдениеттерді жұтып алып жатқан құйынның күшейіп тұрған кезі. Ұлттық мәдениетінен айрылған ел — ұлт ретінде бет-бейнесін жоғалтады. Осы көзге көрінбейтін күресте әр ұлт өз ұлттық байлығын сақтаудың амалдарын іздеуде. Өзгенің мәдениетін өзімізге жатсынбай қабылдаудан арылу қажеттігі туды. Ұлттық болмысымыз бен бейнемізді сақтайтын қандай амалымыз бар? Осы мәселенің қоғамды толғандыратынын ғаламтордағы түрлі пікірлерден байқауға болады. Яғни бүгінгі қазақ қоғамы жаңа белестің алдында тұр.

Біздің ұлттың бейнесін ашатын дүниелерге бай халықпыз. Ғасырлар бойы аталарымыз бен әжелеріміздің көшпенді өмірінің талай сынағын бастан өткеріп барып, қоржынымызды толтырған ұлттық бұйымдарымыз жетерлік. Әр адамның шаңырағы «өлең төсегі» ғана емес, сырттағы дүниеден жасырынатын қалқаны, кішкентай ғана өз әлемі. Бүгін көп үйлерге бас сұға қалсаңыз, еуропалық үлгіде дайындалған жиһаздан аяқ алып жүре алмайсыз. Шаңырағымыз бен киіміміз еуропалық үлгіде болса да, түр тұлғамыз соларға ұқсап кетпейді. Біз қазақтың кең даласында өстік, қара шаңырақта апа-әжелеріміздің тәлім-тәрбиесімен сусындадық. Кезінде қазақтар үшін шетелге ұшып барып келу деген қол жеткізбес армандай болатын, қазір шекаралар ашылған шақта, оның бәрі күнделікті жағдайға айналды.

Осы уақытқа дейін көптеген шет мемлекеттерде болдым, сонда бір байқағаным, қай елге барсаң да кез келген әуежайда сол елдің ұлттық сипатын аңғартатын дүниесін көруге б о лады. Мұның әр жағында үлкен мағына жатыр. Жаһанданудың жақсы жақтарын да жоққа шығарудан аулақпын. Де‑генмен, оның бір келеңсіз жағы сол, халықтарды тұтастандырып, ұлттық бейнеден ажыратуға бағытталған. Бірақ сөйте тұра әр халық өз төл дүниелерін паш еткісі келеді, дәріптегісі келеді, ол табиғи процесс. Кез келген ұлт өзінің этносымен, жеке ұлттық мәдениетімен, тілімен, дәстүрімен ерекшеленбей ме?! Менің бір қуанатыным, қазіргі еңбектеніп мал тауып, қатарының алдында жүрген қазақтар үйлеріне шақырып, ұлттық үлгілерге қатысты ақыл-кеңес сұрайды. Байқағаным барлығы итальяндық, басқа да еуропалық жиһаз-жабдықтардан шаршаған сияқты. Көбінің іші ұлттық нақыштағы дүниелерді қалап тұрады.  

Қазір көптеген қазақтардың балалары шетелде білім алуда. Кейде солардың өзі келіп қазақы нақыштағы сөмке жасап беріңізші деп қиылып тұрғанда, іші-бауырың елжіреп кетеді. Басқа елде оқитын кейбір балалар жейдесіне «Қазақстан» деп өрнектеп жазып беруімізді өтінеді. Себебі біздің балаларымызды шетелде қытай, жапон немесе кәріс деп ойлайды екен. Олардың басқа ұлттарға өздерін қазақ екенін мойындатқысы келетіні көңілге қуаныш ұялатады…

Ғасырлар үндестігі

Қазақстанның көк байрағындағы ашық аспан мен жарқыраған күннің қанық түсіндегі «Ғасырлар үндестігі» атты жобамызда қазақтың бейбітшілікте, ынтымақта, берекеде ғұмыр кешіп жатқанын сырлы өнермен сездіруді мақсат тұттық. Бұл жобада ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық мәдениетіміздіц бір арнаға тоғыстырып, құрақ, ойма, бізкесте, үкілеу, кестелеу сияқты көне өнердің түрлерін заманауи жаңа концепциямен беруге тырыстық. Бұл жобада рулық, тайпалық кезеңінен бастап бүгінгі жиырма бірінші ғасырға дейінгі қазақ мәдениетінің мазмұн, келбетін көрсеткіміз келді.

Елімізде өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті туралы жазбаған басылым, көрсетпеген телеарна қалмаған шығар. Қазақтың көкейіне мақтаныш сезімін ұялатқан осы бір басқосуды қолөнер туындысына айналдырып, мән-мағынасын барынша ашуға тырыстық. Осы ұйымға мүше болып отырған 56 елдің туын құрақ қылып құрап, кестелеп, тастармен көмкеріп кілем жасадық. Тамыры тереңде жатқан ұлттық қолөнердегі құрақ құрау өнерін қазақ «басы құралсын, жұмылсын, ынтымақта болсын» деген ұғымға балаған екен, бұл туындымызда әсіресе құрақ өнерін таңдауымыздың сыры осында жатыр. Қазақ халқының қазіргідей «жұмса жұдырық» болар мызғымас бірлігін дөңгелек дастарханның жиегіне кестелеп үш жүздің, төре мен қожаның таңбалары арқылы беруді жөн санадық. Осындай неоэтностиль бағытында жасалған дүниелеріміздің бірі — басқұр. Кереге мен уықты біріктіріп, ұстап тұратын басқұрды жасауда құрақ құрау, кесте тігу өнерімен қоса шашақ, үкі қолданылды. Осылайша интерьерлік сән индустриясында көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерді заманауи нақыштағы дүниелермен астастырып, өзгеше стиль ойлап табу арқылы ұлттық бұйымдардың сәнін арттырсақ дейміз.Ұлттық өнердің сұлулығына сүйсініп, тарихын, дәстүрін бағалайтын ұрпақ өсіргенде ғана ғасырлар үндестігі жалғасатын болады.

Ырза Тұрсынзадақызы

ТІЛ ЖУРНАЛЫ • # 1 | 2011

0
587
0