Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
-6
14:44, 26 июля 2009

Үздік блогтар жүлдесі

Blog post image

Қазақ блогшылары арасында арнайы жүлде-сайыстар жоқтың қасы, алайда, оларға көңіл аударылмайды деп тағы айтуға болмайды. 2007 жылы Ұлттық «Мәссаған» порталы мен Қарағандылық үкіметтік емес ұйымы өздерінің жеке жүлделерінде қазақ блогшыларына арнайы номинация арнаған-тын. Жеңімпаздар - блогшы Қуаныш Мағзуов пен Асхат Еркімбай болатын. 2008 жылы Award.kz жүлдесінде «Мемлекеттік тілдегі үздік сайт» номинациясында 3-орынды иеленіп, тағы екі номинация бойынша жеңімпаз атанған блогшы - Нұрғиса Асылбеков. Ал биылғы жылы Ansar атты блогшы "Біздің ауыл" үздік блогтар жүлдесі 2009 атты жобаны ұйымдастырмақшы. Осы жоба 01.07.2009 - 20.11.2009 мерзім аралығында өтеді.

Жоба қазақ тіліндегі блогтардың мәртебесін арттыру мен олардың сапасын жоғарылатуға бағытталған. Әрине, әр блогшыға мотивация қажет және осындай жүлделер арқылы әр блогшы Қазнеттегі өз маңыздылығын сезініп қалар деген үміттеміз. Жазбалардың саны мен сапасын арттыру да - жоба мақсаттарының бірі.

Жеңімпаздар мынадай аталымдар (номинация) бойынша анықталады:

Үздік аспаздық блог

Тағам дайындау мен соған қатысты ақпаратқа арналған блогтар жүлдесі. Блог тек қана аспаздыққа арналып жазылмаса да, бірақ осы тақырыптағы жазбаларды қамтитын болса, жеңімпаз атануы мүмкін.

Үздік жалпы блог

Жан-жақты ақпаратты қамтитын блог. Арнайы таңдаған бағыты болмаса да, тұрақты түрде жаңарып тұратын, күнделікті тыныс-тіршілік жайында баяндайтын блог.

Жаңалықтар блогы

Қазақстан және шет елдік түрлі саладағы жаңалықтар жайындағы блог. Ескерте кететін жәйт, басқа ақпарат көздерінен көшіріп алу арқылы жүргізілетін блогтар сайысқа түспейді. Автор ең болмағанда, өзінің ойы мен көзқарасын көрсету керек. Шет тіліндегі ақпарат құралдарының жазбаларын аударып жариялайтын блогтар  да қатыса алады (ақпарат агенттігіне сілтеме жасайтын болса).

Үздік фото-блог

Фотосуреттер мен сурет өңдеу саласына арналған блогтар.

Үздік рухани блог

Рухани және діни құндылықтарға арналған блог. Көшіріп алынған жазбаларды жариялайтын блог сайысқа түспейді (сирек ақпаратты немесе аударма жасалған жазбаларды жариялайтын блогтар жүлдеге қатыса алады).

Үздік жаңашыл блог

Қазақ тіліндегі блогтардың ішінде ерекше немесе кенжелеу дамыған туындылары мен жазбалары (үнхабар, видеокаст және скринкаст т.с.с.) бар блог.

Үздік спорт туралы блог

Спорт тақырыбына арналған блог.

Үздік тақырыптық блог

Аспаздық пен фотосуреттен басқа мәселелердің біріне арналған тақырыптық блог.

"Біздің ауылдың" арнайы жүлдесі

Бұл жүлде қандай блогқа тағайындалатыны әзірге айтылмайды. Құпия :)

Blog post imageҮздіктерді анықтаудың шарттары:

  • Блогыңызды тіркеуден өтікізудің қажеті жоқ. Белсенді блог көзге бірден түсетіні анық;
  • Блог үнемі жаңару мен ізденісте болуы керек. Ай сайынғы жазбалардың саны кем дегенде 6 болуы шарт;
  • Егер бір аталым бойынша жалғыз ғана блог болып, бірақ шарттарға сай болмаса, ол блогқа жүлде табыс етілмейді. Жобаның мақсаты - санға емес, сапаға назар аудару.
  • Жүлдеге лайықты блогта ҚР заңнамалық актілеріне қарсы келетін ақпарат жарияланбауы керек.
  • Бір блогты екі адамнан артық жүргізбеуі керек.
  • Бұл жүлдеге БАҚ және мемлекеттік құрылымдарға қарасты блогтар қатыса алмайды.

Қосымша

"Біздің ауыл"-ға тиесілі блогтар қатыстырылмайды.

Блогтардың үздігін анықтаған кезде әрбір блогтағы жазбалардың маңыздылығына баса назар аударылады. Жазбадағы пікір саны мен блогтың қонақтар саны есепке алынбайды. Дизайнына да көңіл бөлінбейді. Себебі, кейбір блогтарда дизайнды өзгертуге арналған функциялар жоқ.

Тағайындалатын аталымдардың ешқайсысы дауыс беру арқылы анықталмайды.

Әр бір аталым бойынша бір ғана жеңімпаз болады. Яғни, бірінші, екінші және үшінші деген орындар болмайды.

Жеңімпаз блогқа аталымы жазылған  "Үздік блог - 2009" деген белгі беріледі және электронды түрдегі дипломмен марапатталады.

Жеңімпазға ақшалай сыйлық тағайындалады. Оның мөлшері құпия сақталады.

Бұл жоба авторлық жоба болғандықтан, оның авторы арнайы бір міндеттемелерді өзіне жүктемейді.

Жобаның авторы жүлдеге арналған баннерді жасаған yvision.kz-тің блогшысы Kimberly-ге үлкен алғыс білдіреді.

 

-6
973
0