Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:51, 19 апреля 2011

Екібастұздықтардың Қазақ КВН-індегі кезекті жеңістері

Екібастұздықтардың Қазақ КВН-індегі кезекті жеңістері

  1. 1. «Біз-Қазақпыз!» «Республикалық Орталық Лиганың» жартылай финалында!

«Біз-Қазақпыз!» КВН командасы (Екібастұз қалалық Қ.Пішенбаев атындағы №18 кәсіптік лицейі) өз жанкүйерлеріне кезекті рет қуаныш сыйлады. Сәуірдің 15-жұлдызында Семей қаласында «Республикалық Орталық Лигасының» «Шығыс» тобында ойнайтын КВН командалары арасында ¼ финал (ширек финал) ойындары болып өтті. Ойынға бүкіл республикамыздың Шиелі, Қызылорда, Кереку(бұрынғы Павлодар), Шымкент, Тараз, Өскемен, Екібастұз қалаларынан 13 команда қатысты. Осылардан 10 команда жартылай финалға жолдама алды. Таңдаулы 10 команданың арасында әмбебап әзілдерімен жиылған әлеуметтің таңдайын қақтырған «Біз-Қазақпыз!» күлдірмендері де бар. «Қазақстан КВН Одағының» көшбасшысы Есен Елеукен өзі жүргізген осындай дүбірлі додада жоталы өнер көрсетіп, жартылай финалға жолдама алу аз жетістік емес. Сонымен қатар «Қазақстан КВН Одағының» бас редакторы Алмас Тоқабаев (Көзілдірік) - сонша команданың ішінен «Біз-Қазақпыз!» КВН командасына ерекше тоқталып, жылы лебіз білдіруі де жайдан-жай емес. Сондықтан біз де «жарайсыңдар, жігіттер» деген тілек білдіреміз!!!

 

II. Қала КҮЛДІРМЕНДЕРІНІҢ Керекудегі кезекті кереметтері

 

«КВН» сөзі  иелік құқығы қорғалған, қорғанысы қытай қорғанындай мықты сөз. Оған дауымыз жоқ. Алайда КВН-шілер деген сөздің сынын бұзбай, аз да болса, қазақы ұғымға жақындатып, «КҮЛДІРМЕНДЕР» деген сөзді синоним ретінде қолдансақ, «бүлдірмеңдер» деп ешкім ұрса қоймас. Қара сөзден қағида құрастырар хәкімдігіміз жоқ, дегенмен бірер дерек келтіруіміз керек болар. Мысалы, Қазақстан Президентін – Елбасы дегеніміздей, «Қазақстан КВН Одағы» президентін – КВН-басы десек, сөз сауған қауым қой демейтін шығар. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың сөзін сәл «майыстырып» айтсақ, «КВН-нің күпәйкі киген қара сөзін, Бөрік кигізіп өзіне қайтарамыз!» қысқасы.

Енді ұзынын, дәлірек айтқанда, қызығын қозғайық әңгіменің. 16-сәуірде Кереку қаласында «Павлодар Қалалық Лигасының» 1/4 финал ойындары өтті. Ойында көмірлі қаламыз Екібастұздан «Екібастұз құрамасы», «Періштелер»(ЕИТИ), «Тіл тимесін!»(ЕКИТИ), «Жас думан» (құрама), «Біз – қазақпыз!» командалары бақтарын сынады. Өнерлерімен көрермендер көңілінен шығып, көңілді өнер көрсеткен «Періштелер»(ЕИТИ), «Біз – Қазақпыз!», «Екібастұз құрамасы» командалары жартылай финалға жолдама алды. «Бәйгі берем жығылған палуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса» деп ақын Т.Айбергенов айтқандай, «Тіл тимесін!» мен «Жас думан» күлдірмендері жартылай финалдық белесті бағындыра алмағанмен, ойдағыдай өнер көрсетіп, көрермендер ілтипатына ие болды. Бұл ойын нәтижелері «Екібастұз КВН Лигасы» сапында шеберліктерін шыңдап жүрген командалардың санымен қатар сапасы да артып келе жатқанын аңғартты. Бүтін болмаса да, жартылай финал ойындарына жолдама алған қаламыздың күлдірмендерін жеңістерімен құттықтаймыз!!!

 

«Екібастұз КВН Лигасының»

Ақпараттар бөлімі

0
781
1